ШҚО-да зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорттық нысандарға тегін кіру мүмкіндігі қарастырылған. Осының арқасында егде жастағы адамдар дене шынықтырумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануда. Мәселен, Өскемендегі Үстел теннисі орталығы аға буын өкілдері мен ерекше жандардың бас қосатын сүйікті орнына айналып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Altainews.kz-ке сілтеме жасап.
– Облыста 1687 спорттық нысан бар, олардың 1166-сы ауылдарда орналасқан. Зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін. Олар бектілген кесте бойынша келеді. Зейнеткерлер арасында түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Қазіргі кезде облыста 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, – дейді спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев.
Өскемендегі Үстел теннисі орталығына барғанымызда егде адамдардың көп екенін көрдік, арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар екен. Елу шақты адам бір мезетте үлкен залдағы қаз-қатар орналасқан үстелдерде ширақ қимылдап, бір-бірімен теннис ойнап жатты.
– Жасым 60-тан асты. Өзім гір көтеру бойынша спорт шеберімін. Үстел теннисі орталығы ашылғалы бері аптасына үш рет осында кеп тұрамын, сағат 11-ден 13-ке дейін боламын. Екі сағат өзім үшін жеткілікті. Ұлым да осы спортпен айналысады, мен оған үлгі көрсетіп жүрмін. Бізге осындай жайлы жағдай жасап отырған облыс басшылығына және осы орталықтың қызметкерлеріне рақмет айтамын, – дейді спорт ардагері Талғат Жақыпов.
Атап өтерлігі, қариялар бұл жерге дене ширату үшін ғана емес, бір-бірімен араласып, әңгімелесу үшін де жиналып тұрады.
Теннис орталығының басшысы Денис Жолудевтің айтуынша, нысан 2022 жылы қолданысқа берілген. Күніне мұнда 500-700 адам келеді, оның 100 шақтысы – егде адамдар. Мұнда үстел теннисімен, бадминтонмен айналысуға болады, дене шынықтыруға арналған тренажер залдары да бар.
– Облыста 169 мыңнан астам зейнеткер бар. Аға буын өкілдерінің белсенділігін арттыру, оларды қоғамдық-саяси іс-шараларға қатыстыру мақсатында облыстық кешенді жоспар әзірленіп, іске асуда. Облыстағы 3423 зейнеткер 167 спорттық нысанда орналасқан 274 секцияға тұрақты әрі тегін барады. Аталған секцияларда олармен 241 нұсқаушы жұмыс істейді, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ардагерлермен және мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Динара Мұратханқызы.