Шығыс Қазақстанның кәсіпорындары сыртқы сауданы белсенді түрде дамытуда. Самарқандта өткен IV «Өзбекстан — Қазақстан» өңіраралық форумы аясында қазақстандық май зауыттары мен өзбек компаниялары арасында күнбағыс майын жеткізу туралы келісімдерге қол қойылды.
Жалпы келісімшарт сомасы 12 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді.
Сонымен, «Алтын Шығыс» ЖШС өзбекстандық «Pet Agro Oil» СП ЖШҚ-мен 10 миллион АҚШ долларына келісімшарт жасады, ал «OskemenAgroProdukt» ЖШС «TEXNO SERVIS SAM» ЖШҚ-мен 2 миллион АҚШ долларына келісімге келді.
– Дәстүрлі түрде Шығыс Қазақстан облысы күнбағыс майының ірі өндірушісі болып табылады. Облыста жалпы өңдеу қуаттылығы жылына 800 мың тоннаны құрайтын 12 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл жаңа «Алтаймай» зауыты іске қосылуда. Бұл өңірдегі зауыттардың қуаттылығын жылына шамамен 1 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы Ажар Қажыбекова.
Оның айтуынша, шығысқазақстандық кәсіпорындардың жүктемесі 67%-ды құрайды. Биылғы жылы жалпы өнім 400 мың тонна, гектарына 19 центнерден астам өнім жинау күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында отандық өндірушілер Қытай Халық Республикасында да осындай келісімдерге қол қойған болатын.
Қол қойылған келісімшарттар Шығыс Қазақстанның май зауыттарына экспорт көлемін арттырып, аймақтық нарықтардағы өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді.