ШҚО мен Тверь облысы ынтымақтастығын кеңейтеді: жаңа меморандум әзірленіп жатыр

Ақтоты Жапатова 20 мау. 2025 09:31

Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы – 2025 аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя іскерлік кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту және өңірлер арасындағы жаңа меморандумға қол қою мәселесін талқылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов Ресей аймақтарымен тұрақты байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ШҚО-ның сыртқы сауда айналымының шамамен 26%-ы Ресей Федерациясына тиесілі. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,2 миллиард АҚШ долларын құрады.

– Біз меморандумға қол қою екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандырып, тауар айналымы мен өзара инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді деп сенеміз, – деді өңір басшысы.

Өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі биыл сәуір айында ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федерация Кеңесі арасындағы комиссияның 23-отырысында егжей-тегжейлі талқыланған болатын.

Кездесу соңында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тверь облысының губернаторын 10 қыркүйекте өтетін «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. Форум барысында өңірдің инвестициялық тартымдылығы, мәдени және өндірістік әлеуеті таныстырылады.

– Біздің әріптестігіміз өзара тиімді әрі нәтижелі болады деп сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов, кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдіре отырып.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар