ШҚО-дағы бір дүкенде баға рубльмен көрсетілген

Сағыныш Сардарова 19 қыр. 2025 18:00

ШҚО-дағы балалар дүкенінде тауар бағалары басқа валютамен көрсетілгені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне балалар дүкенінде бағалар рубльмен көрсетілгені туралы арыз түскен. Түскен арыз негізінде департамент жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында бұл ақпарат расталған, кейбір тауарларда, шынымен де, шетел валютасы бар жапсырмалар қалған.

Дүкен басшылығы мұндай жағдайдың заңнаманы білмеуден және қызметкерлердің жетіспеушілігінен туындағанын түсіндірген.

Ал заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында ішкі және (немесе) сыртқы сөрелерде қойылған тауардың бағасы теңгемен көрсетілмей сатылуы немесе бағасының теңгеден басқа валютамен көрсетілуі айыппұлға әкеп соғады. Мөлшері мынадай:

  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 6 айлық есептік көрсеткіш (АЕК),
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК.

Бұл жағдай қайталанғандықтан, айыппұл көлемі ұлғайып, дүкен иесіне ӘҚБтК-нің 193-бабы 5-бөлігіне сәйкес 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар