ШҚО-да Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

Ақтоты Жапатова 03 мау. 2025 15:19

Қазақстанда 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында аграрлық сектордың жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ең ауқымды статистикалық бақылау — Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл жайлы ҚР Стартегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткізіледі және ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып, Үкіметпен бекітілген. Ол екі кезеңде жүргізіледі:

  • 1–31 тамыз аралығында — респонденттер sanaq.gov.kz порталында санақ парақтарын өз бетінше толтыра алатын онлайн-сауалнама;
  • 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында — онлайн-анкета толтырмаған үй шаруашылықтарына интервьюерлер баратын офлайн-кезең.

Оған дейін, маусым айында, Шығыс Қазақстан облысының бес қаласында алдағы санаққа қатысушылардың тізімін нақтылау мақсатында алдын ала аралау (листинг) жұмыстары өтеді.

Ерназ Нұрлановтың айтуынша, санаққа қатысу — формалдылық емес, елдің ауыл шаруашылығының болашағына қосылатын нақты үлес.

«Барлық азаматтарды санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл — азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және өңірлерді дамыту бойынша шешімдердің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді маман.

Санаққа қатысуы тиіс:

  • өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен фермерлік қожалықтар;
  • жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын, мал ұстайтын, бау-бақшасы не жері бар үй шаруашылықтары.

Облыс бойынша 92 мыңнан астам үй шаруашылығы мен 9,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі қамтылады деп күтілуде. Санақты өткізу үшін өңірде 150-ден астам интервьюер жұмыс істейтін болады.

Азаматтардың ыңғайы үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Сондай-ақ sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгінуге немесе 1446 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар