Freedom Inside '26

Астанадағы дрон шоуы жұрттың көңілінен шықпады

Астанадағы дрон шоуы жұрттың көңілінен шықпады
Фото: видеодан скрин

6 шілдеге қараған түні Астанада Елорда күніне орай ұйымдастырылған дрон шоуы қала тұрғындарының көңілінен шықпады. Көпшілік қойылымның тым қысқа болғанын және ұйымдастыру деңгейіне қатысты сын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ztb news мәліметінше, көрермен шоу басталуын шамамен 30 минут күткен. Ал қойылымның өзі небәрі бес минутқа ғана созылған. Оның ішінде біраз уақыт әнші Энрике Иглесиастың концерті жарнамаланған.

Тұрғындар қаланың әр түкпірінен арнайы келгендерін, шара үшін бірқатар көшенің жабылғанын, бірақ нәтижесінде бірнеше минуттық ғана көрсетілім көргендерін айтып, ұйымдастыру деңгейін сынға алды.

Сондай-ақ көпшілік жиналған жерде бірнеше адамның өзін жайсыз сезініп, кейбірінің есінен танып қалғаны туралы ақпарат тарады.

Оқиғадан кейін Ticketon компаниясы түсініктеме беріп, Энрике Иглесиастың концерті бойынша билет операторы және жарнамалық серіктес қана екенін, ал дрон шоуын ұйымдастырмағанын мәлімдеді.