Freedom Inside '26

Қазақстанда жанармай сататын ондаған нысан тексеріліп жатыр - Үкімет

Қазақстанда жанармай сататын ондаған нысан тексеріліп жатыр - Үкімет
Фото: iStoks

Қазақстан Үкіметі елдегі жанар-жағармай нарығындағы жағдайды талқылады. Энергетика министрлігі қазіргі таңда бензин, дизель отыны мен авиациялық жанармай қоры жеткілікті екенін, сондықтан ішкі нарықта тапшылық болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, елдегі жанармай қоры халықтың сұранысын толық өтеуге жеткілікті.

Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінде мұнай өнімдерін заңсыз алып өтудің 593 әрекеті тоқтатылғанын айтты. Осы уақыт ішінде 40 мың литрден астам жанармай тәркіленген. Бақылауды күшейту үшін шекара маңындағы өткізу бекеттерінде қосымша қызметкерлер тартылған.

Тек соңғы екі тәуліктің өзінде шекарашылар жанармайды заңсыз алып өтудің тағы 61 әрекетін анықтаған. Құқық бұзушылар қосымша орнатылған бактар мен канистрлерге құйылған 3 тоннадан астам жанармайды шекарадан өткізбек болған.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер органдары жанармайдың күмәнді саудасына қатысты 62 жанармай құю бекеті мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметін тексеріп жатыр. Үкіметтің мәліметінше, бұл шаралар ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау және заңсыз айналымның алдын алу мақсатында жүргізілуде.