Freedom Inside '26

Серуендеп келеміз деп жоғалған 13 жастағы екі қыз суға кеткен болуы мүмкін

Серуендеп келеміз деп жоғалған 13 жастағы екі қыз суға кеткен болуы мүмкін
ашық дереккөзден

Ресейдің Тува Республикасы Ішкі істер министрі Юрий Завьялов Қызыл қаласында із-түзсіз жоғалған екі мектеп оқушысының жоғалуына қатысты негізгі болжамды жариялады. Оның айтуынша, 1 шілдеден бері іздестіріліп жатқан 13 жастағы қыздар суға кетуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министр іздестіру-құтқару операциясы жүріп жатқан аумаққа арнайы барып, құқық қорғау органдары барлық ықтимал нұсқаны тексеріп жатқанын мәлімдеді.

"Біз барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда негізгі болжам – қыздардың суға кеткен болуы мүмкін деген жорамал. Сондықтан жедел штаб құрылып, өзенде кешенді іздестіру шаралары жүргізілуде. Дегенмен тергеу барысында басқа да ықтимал жағдайлардың бәрі жан-жақты тексеріледі. Жедел-іздестіру іс-шаралары аяқталғаннан кейін нақты қорытынды жасауға болады", – деді Юрий Завьялов.

Министрдің бастамасымен іздеу жұмыстарына Қызыл епархиясының әлеуметтік бөлімінің жетекшісі, діни қызметкер Дмитрий әкей де қосылған. Ол құтқарушылармен бірге Енисей өзенінің акваториясын тексеруге қатысып жатыр.

Іздестіру жұмыстары тек Қызыл қаласында ғана емес, сонымен қатар Улуг-Хем ауданында да жалғасуда. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, бұл аумақта іздеуге 15 полиция қызметкері, 3 құтқарушы, аудан әкімдігінен 20 маман және 30 ерікті жұмылдырылған. Енисей өзенін тексеру үшін бес қайық пайдаланылып жатыр.

Қазіргі уақытта полиция, төтенше жағдайлар қызметі, еріктілер мен басқа да ведомство өкілдері өзен жағалауын, аралдарды және оған жақын аумақтарды толық тексеруді жалғастырып жатыр. Іздеу және жедел-іздестіру шаралары әзірге тоқтатылған жоқ.