Онлайн баспасөз конференциясы барысында жазғы туристік кезеңде Үржар ауданының көлік қатынасын қалай қамтамасыз ететіні белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Шығыс Қазақстан аумағы бойынша жолдың ұзындығы 454 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда жоба бойынша жұмыстардың 57 пайызы орындалды. Яғни, 257 шақырым жолға асфальт төселді. Қалған 43 пайызды 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Асылбек Нұғымановтың айтуынша, «Өскемен – Қалбатау» учаскесін асфальттау бойынша жол толығымен қамтамасыз етілген. Биыл негізгі жол-жөндеу жұмыстары Қалбатаудан Аякөзге дейін және одан әрі Таскескен бұрылысына дейін жүргізілетін болады. «Таскескен – Бақты» автожолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, шілде айына дейін аяқтау жоспарлануда.
– Қайта жаңарту жүргізілетін учаскелерде сапалы қозғалыс үшін айналма жолдарға ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде «Қалбатау – Аягөз» учаскесінде маусым айында айналма жол бойынша қозғалыс 55 шақырым, «Аягөз – Таскескен» учаскесінде 56 шақырымды құрайды, – деді Асылбек Нұғыманов.
Үржар әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылатындықтан уақытша жабылды. Десе де, халық арасында көлік жетіспеушілігіне байланысты алаңдаушылық туындауы мүмкін болғандықтан. Нұр-Сұлтан, Алматы, Жалаңашкөл станциясына дейін қатынайтын теміржол вагон санын сегізден онға дейін арттыру жоспарлануда.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, бұл әр бағыт бойынша орын санын 352-ден 456-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
– 17 маусымнан бастап аптасына үш рет «Алматы – Достық» қатынасындағы 10 вагоны бар жаңа жолаушылар пойызы жүре бастайды. Бұл қосымша 450 орынды қамтамасыз етеді. Облысішілік қатынастар бойынша Өскемен, Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына вагондар саны әр бағыт бойынша бестен жетіге дейін ұлғайтылады. Орындар санын 270-тен 416-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұржан Жұмаділов.
Бұдан бөлек, Өскемен мен Семейден Үржар ауылына күн сайын қатынайтын автобустар санын екі есе, яғни сегізден 16-ға дейін арттыру мәселесі пысықталды. Соның арқасында туристік маусымда 35,7 мың емес, 71,4 мыңға дейін жолаушыны көлікпен қамти аламыз.
Нұржан Жұмаділов Үржар ауылындағы әуежай пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу мерзімін кейінге қалдыру ұшу қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. Бұл ретте әуежайды жаңартқаннан кейін ұшақтарды түнде де қабылдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл келесі жаз мезгілдерінде Алакөл көлінің жағалауына туристер санын арттыруға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.