ШҚО-да орман браконьерлеріне бақылау күшейтілді

Dalanews 18 жел. 2021 16:05 611

Желтоқсан айының 17-31 аралығында ШҚО Полиция департаменті орман қорғау органдарымен бірлесіп жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сату фактілерін анықтауға бағытталған іс-шараларды өткізуде. 

Құрамында полиция, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінен тұратын 22 мобильді топ құрылды.

Аңшылық шаруашылықтары мен алқаптарға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіріп-шығу жерлеріне бекеттер қойылды. Автожолдарда, базарларда және басқа да жерлерде жас қылқан жапырақты ағаштарды тасымалдау мен сатудың заңдылығы тұрғысынан бақылау күшейтілді.

- Акция басталғаннан бері өңірдегі полиция қызметкерлері алты құқық бұзушылық анықтады. Оның ішінде қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескені үшін екі әкімшілік құқық бұзушылық (ҚР ӘҚБтК 381-1 бабы), жасыл екпелерді зақымдағаны үшін бір құқық бұзушылық (ҚР ӘҚБтК 386-бабы), шырша бұтақтарын белгіленбеген жерде сатқаны үшін үш әкімшілік құқық бұзушылық (ҚР ӘҚБтК 204-бабы) тіркелді.

Анықталғандай, Алтай ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің өкілдері Алтай-Парыгино технологиялық трассасында шырша тұқымдас қылқан жапырақты ағашты тиісті құжаттарсыз тасымалдаған Алтай қаласының «УАЗ» маркалы автокөлігін тоқтатты.

- Көлік тізгіндеген 50 жастағы тұрғын. Оған қатысты ҚР ӘҚБК 381-1 бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Орман алқаптарын патрульдеу барысында орман күзетінің қызметкерлері Бесқарағай ауданының табиғатты қорғау полициясының инспекторымен бірлесіп «Семей Орманы» РММ Канонер филиалында көлемі 4,5 текше метр 26 253 теңге көлемінде 26 дана қарағай тұқымдас ағаштардың заңсыз кесілгені анықталды. 40 жастағы заңбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті ағаштарды, соның ішінде қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескені үшін мемлекетке келтірілген зиян мен көлемге байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар