ШҚО-да «Ауыл аманаты» аясында ет өнімдері цехы іске қосылды

Ақтоты Жапатова 22 мам. 2025 17:00

Шығыс Қазақстанда Соловьёв ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шұжық өнімдері, еттен жасалған жартылай фабрикаттар және консервілер шығаратын цех іске қосылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Жобаны Сергей Бушнев басқаратын «Алтай Эко» өндірістік кооперативі жүзеге асыруда. Кооператив 60 ай мерзімге 28,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру алып, бұл қаражат толықтай заманауи жабдықтар сатып алуға жұмсалды.

Жабдықтар 10 наурызда жеткізіліп, ай соңына дейін орнатылды. Цехтың жылдық өндірістік қуаттылығы – 360 тоннаға дейін шұжық өнімдері мен ет жартылай фабрикаттарын және 864 мың банкіге дейін ет консервілерін шығаруға мүмкіндік береді.

Өнімдерді сату қолданыстағы сауда нүктелері арқылы жүзеге асырылады. Бұл өнімдерді тез өткізуге және жергілікті халықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге жол ашады.

"Бұл біз үшін жай ғана өндірісті кеңейту емес – бұл тұрақтылыққа, сапаға және орнықты дамуға жасалған маңызды қадам. Біз нарыққа туған жерімізде, жергілікті шикізаттан дайындалған экологиялық таза өнім ұсынғымыз келеді", – дейді Кооператив басшысы Сергей Бушнев.

Жоба округ экономикасы үшін маңызды: жаңа жұмыс орындары ашылады, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейі артады, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар