Шығыс Қазақстанда өткен халықаралық «Altay Invest-2025» форумында жалпы құны 730 млрд теңгеден асатын 40-тан астам меморандум мен келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Құжаттарға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ ірі шетелдік және отандық компания өкілдері қол қойды.
Меморандумдар өңір экономикасының негізгі бағыттарын қамтиды: энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп және қалдықтарды қайта өңдеу салалары.
Форум Шығыс Қазақстан мен Қытай, сондай-ақ Беларусь және Ресей кәсіпорындары арасында ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға алаң болды. Бұл келісімдер өңір экономикасына жаңа серпін беріп, жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етпек.
Әкімдік мәліметінше, енді әрбір жоба бойынша жол картасы әзірленіп, алғашқы құрылыс пен өндіріс іске қосу жұмыстары 2026 жылдан бастап басталуы мүмкін.