ШҚО: 2025 жылға дейінгі жол сапасын жақсартудың жобасы жасалды

Dalanews 15 жел. 2021 14:32 837

Осы мерзімге дейін жергілікті жолдардың сапасын арттыру үшін 100-ге тарта жоба жүзеге асырылып, бұл мақсатқа 442 млрд теңге бөлінбек деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Әзірдің өзінде жол сапасын жақсартуға бағытталған 12 жоба жүзеге асырыла бастады. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы – Күршім ауданының Бұқтырма су қоймасында салынатын көпір болмақ. Бұдан бөлек Семейдегі көпір де күрделі жөндеуден өтеді.

Алдағы жылы Өскемен мен Семейді айналып өтетін автокөлік жолының құрылыс басталады. Өскеменді айналып өтетін жол құрылысына 500 млн теңге бөлінсе, Семейді айналып өтетін тас жолға 1 млрд теңге бағытталмақ.

Өскемен мен Семейдің арасындағы жол сапасы сын көтермейтінін тұрғындар талайдан бері айтып жүр. Келер жылдан бастап екі ірі қаланы байланыстыратын күре жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатқа 5 млрд теңге бөлінген.

Бұдан сырт Ресеймен байланысты жолдар да жөнделеді. Бородулиха ауданындағы Жезкент кеден бекетінің кіреберісі де жөндеу көрмегелі көп болған. Биыл бұл мәселе де шешімін таппақ.

2023 жылы Өскемен - Шемонаиха жолы жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек ауданды сырт айналып өтетін жол салынбақшы, әзір бұл мәселе талқылану үстінде.

Келер жылы Қарағанды - Аягөз - Тарбағатай - Бұғаз тас жолы да жөндеу көреді, бұған 2 млрд теңге бөлінген.

Аудан ауыл арасындағы жолдарға аз-кем жөндеу жұмысы жүргізілмек. Атап айтар болсақ, Күршім - Қалжыр жолының 60-шы және 75-ші шақырымы, Көкпекті ауданынан Сарыбел ауылына қара жол, Шар ауданындағы жолдар, Қатон-Қарағай ауданындағы бірқатар ауылдың тас жолына жөндеу жұмысы жасалады.

Облыс басшылығы биылғы жылы Семейдегі көше аралық жолды ретке келтіруді мықтап қолға алмақ, бұл мақсатқа 1 млрд теңге бөлінген. Ал Өскемен қаласында бес бірдей жол учаскісі уақытша жабылып, трамвай жолдарын қайта қалпына келтіру шаралары іске асады. Бұған 856 млн теңге бағытталып отыр.

Жол қауіпсіздігі тек мұнымен шектелмесі анық. Осыны ескерген облыс басшылығы жол бойына жылдамдықты есепке алатын камераларды көптеп орнатпақшы. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Келер жылы Өскемен мен Семей қаласында екі бірдей жер асты өткелі пайдалануға беріледі. Бұған бюджеттен 150 млн теңге бөлінген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар