Шымкенттік шенеуніктер шетінен қызметінен кетіп жатыр

Қаракөз Амантай 07 ақп. 2024 11:07 19361

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров қызметінен кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы экс-шенеунік Facebook парақшасында жазды. Ол отставкаға кету туралы өтінішті ерікті түрде берген.

Олай болса Шымкенттің бас мал дәрігері қандай оқиғалармен танымал болғанын еске түсірейік.

2023 жылы Шымкентте қаңғыбас жануарлар ауланатын орында болған жантүршігерлік жағдай әлеуметтік желіде дау тудырған болатын. Осы тұста Әбунасыр Жанбатыров қатты сынға ұшырады.

Нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы жануарларды қорғау қауымдастығы Instagram парақшасында басы мен аяқтарын шауып тастаған ондаған мысықтың суреттерін жариялаған еді. Сонымен қатар кадрда қатыгездікпен өлтірілген мысықтардың бірнеше суреті де таралды.

Бұдан соң ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы ауланған жануарларды уақытша ұстау пунктіне барады. Алайда Жанбатыров журналистердің “жантүршігерлік көрініске кім кінәлі, қаңғыбас мысықтар мен иттерді немен қоректендіреді” деген сұрақтарына жауап бере алмайды.

Ол тек жұмысқа салғырт қараған ветеринар мен үш ит аулағыш жұмыстан босатылғанын айтқан. 

Еске салайық, күні кеше Шымкент әкімдігінде өтіп жатқан отырыс барысында тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы ұсталған болатын. Антикордың алдын ала мәліметінше шенеунік 120 миллион теңге шығын келтірді деген күдікке ілінген.

Ал Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбаев әр мемлекеттік қызметші өз қызметінде алдымен халықтың игілігін ойлап, соған сүйене шешім қабылдауы керек екенін атап өтті.

"Әкімдік қызметкерлерінің арасында адал жұмыс істейтіндер көп, бірақ сатқындар да бар, мен сіздерге талай рет ескерттім", - деген әкім басқа амалының қалмағанын айтқан болатын.

Осы тұста оқиғаға куә болған біраз шенеуніктің абдырап қалғаны рас. Бәлкім, Әбунасыр Жанбатыров та көпшілік алдында масқараға қалмай, қоғамдық алаңнан алдын ала кетуді жоспарлаған болар.Кім білсін?!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар