Шымкентте лифт сегізінші қабаттан құлап кетті: ішінде адам болған

Көркем Алдабергенова 31 қаң. 2026 10:01

Шымкент қаласында лифт сегізінші қабаттың құлап кетті. Кабина ішінде жас қыз болған, ол аяғынан ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқиға жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінде болды. Куәгерлердің айтуынша, лифт сегізінші қабатқа жеткен сәтте аяқ астынан төменге қарай құлаған. Адамдар қыздың айқайын және сынған әйнектің дыбысын естіген. Біраз уақыттан кейін кабина қайтадан жетінші қабатқа көтеріліп, сол жерден зардап шеккен қызды шығарып алып, медицина қызметкерлеріне тапсырған.

«Лифт құлаған соң абыр-сабыр басталды. Барлығы көмекке жүгірді. Есіктерді ашып, қарап көрдік, шаммен жарық түсірдік, төменнен де, жоғарыдан да ештеңе көрінбеді. Ақыры жетінші қабаттан таптық. Лифт алдымен құлап, кейін қайта көтерілгендей болды», - деді тұрғын үй кешенінің күзетшісі Мұхтар Әуелбеков.

Бұл қысқа уақыт ішіндегі лифтке қатысты екінші төтенше жағдай. Бұған дейін көрші подъезде де жүк көтергіш құлаған. Ол кезде ешкім зардап шекпеген. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

«Зардап шеккен қыз ауруханаға жатқызылды. Табан сүйектері сынған. Қазіргі жағдайы орташа ауыр. Тұрақты дәрігерлік бақылауда, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деп хабарлады Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove