Шымкент қаласында бұрын түрлі жолдармен жекеменшікке өтіп кеткен әлеуметтік маңызы бар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазіргі таңда біз үшін маңызды бастамалардың бірі – әлеуметтік маңызы бар нысандарды мемлекетке қайтару. Бұрын түрлі жолдармен жеке меншікке өтіп кеткен нысандарды мұқият тексеріп, мақсатсыз пайдаланған және талаптарды орындамаған жағдайлар анықталды. Заңсыз әрекеттерге жол берілген нысандарды ғана қайтару мәселесін көтерудеміз. Ал, өз жұмысын заң аясында атқарып жатқан меншік иелеріне алаңдауға себеп жоқ. Өткен жылы бұрынғы "Фосфоршылар сарайы" мемлекет меншігіне қайтарылып, ғимараттың жарамсыздығына байланысты бұзу жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта демеушілердің қолдауымен оның орнына жаңа мәдени нысан салу жоспарлануда", – деді Ғабит Сыздықбеков.
Әкімнің айтуынша, қаладағы жалғыз "Мұз сарайының" 67%-дық үлесі мемлекетке қайтарылған. Бұл нысанның басқару құқығы енді мемлекеттің иелігінде екенін білдіреді.
"Сондай-ақ, міндеттемелерін орындамаған жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген №2 қалалық емхананың келісімшарты бұзылып, ол мемлекетке қайтарылды. Осыған ұқсас жағдай "Орталық су спорт кешеніне" қатысты тіркеліп, қазіргі уақытта сотта қаралуда.
Қала тұрғындарының өтініші бойынша, коммерциялық мақсатта пайдаланылған "Қиял әлемі" технопаркі мен "Кең баба" саябағын мемлекет меншігіне қайтарып, оларды қайта абаттандыру жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, "Қиял әлемі" саябағына іргелес жатқан аяқталмаған сауда орталығының жері де мемлекетке қайтарылды. Құрылыс нысанын бұзу мәселесі сот қарауында", – деді әкім.
Оның айтуынша, "Су Ресурстары Маркетинг" ЖШС жекешелендіру құжаттарын тексеру барысында да заңбұзушылықтар анықталған. Компанияның қызметіне қатысты да бірқатар мәселе бар.
"Қазіргі уақытта бұл бағытта заң аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деп толықтырды Ғабит Сыздықбеков.