Шымкентте аймақтық диабет орталығы ашылды

Dalanews 11 сәу. 2017 06:50 904

Шымкентт қаласында облыстық эндокринология диспансерінің базасында Аймақтық диабет орталығы ашылды. Аталған орталық көршілес Қызылорда, Жамбыл облыстарының тұрғындарына да мамандандырылған көмек көрсетеді.

Мұнда қант диабетімен сырқаттанатын науқастарға заманауи емдеу және диагностика тәсілдері қолданылады. Науқастардың гликемиялық көрсеткіштерін  тәулік бойына 288 рет анықтау арқылы үнемі үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін СGMS құрылғысы бар. Сонымен қатар «Диабет мектебін» арнайы дайындықтан өткен инструкторлар жүргізеді.

Аймақтық диабет орталығы орналасқан облыстық эндокринология диспансерінде қызмет атқаратын дәргерлердің 60 пайызға жуығы жоғарғы санатты білікті мамандар. Науқастарға эндокринолог-диабетологтармен қатар нефролог, кардиолог, офтальмолог, невропатолог, ангиохирург дәрігерлер медициналық көмек көрсетеді.

Диспансер дәрігерлері жыл сайын біліктілігін арттыруда. Мәселен, өткен жылы 2 дәрігер-эндокринолог Ресейдің «Санкт-Петербург көп салалы орталығында» аяқ тамырлары патологиясына ультра дыбыстық диагностика циклында біліктілігін жетілдірді. Тағы 1 дәрігер сол Санкт-Петербургте «Жіңішке инелік аспирационды биопсия мәліметтері бойынша қалқанша безінің морфологиялық диагностикасында», 25 дәрігер республика деңгейінде біліктілігін арттырды.

Облыстық эндокринология диспансері медициналық колледждер мен жоғары оқу орындары медициналық факультеттерінің клиникалық базасы болып табылады. Мұнда науқастарды емдеумен қатар диабетология мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Қант диабеті мектебінің жаттықтырушыларын даярлайды. Салауатты өмір салтын насихаттау, семіздікті алдын-алу диабет мектебінде оқытылады.

Елімізде қант диабетіне қарсы күресті ұйымдастыруда салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне үлкен мән берілуде. Осы мақсатта ашылған Аймақтық диабет орталығы аурудың пайда болу қаупін азайтуға және диабеттік ретинопатия, нефропатия, невропатия, диабеттік табан секілді қауіпті асқынулардың алдын-алуға көмектеседі.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар