Шымкент қаласындағы түзеу мекемесінің үш қызметкері сотталғандарға азаптады деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақпаратқа сәйкес, қала бойынша өңірлік өкіл Нұржан Абдезов сотталған азаматтардың бірін жеке қабылдаған. Қабылдау барысында ол 2025 жылдың маусым айында мекеме қызметкерлері тарапынан соққыға жығылғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, қолына кісен салынған күйі темір торға төрт сағат бойы іліп қойған, кейін аяқ киімін шешіп, табанынан резеңке таяқпен ұрған.
Сондай-ақ қабылдау кезінде тағы бір сотталғанның соққыға жығылып, жақ сүйегі сынғаны белгілі болған. Аталған деректер бойынша өңірлік өкіл тиісті органдарға жедел түрде хабар беріп,шаралар қабылдаған.
Нәтижесінде медициналық көмекті уақтылы көрсетпегені үшін медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылды. Ал түзеу мекемесі қызметкерлеріне қатысты бастапқыда Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген.
Кейін адам құқықтарын қорғау институты мекеме қызметкерлерінің әрекеттерінде азаптау белгілері бар екенін көрсетіп, істі қайта қарау туралы жоғары қадағалау органына жүгінген. Бұл ұстанымды Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қолдап, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігіне қайта сараланған.
Қазіргі уақытта түзеу мекемесінің үш қызметкері қамауда отыр. Тергеу жалғасуда.
