Шымкент пен Түркістан облысының 15 тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болды. Өзін білікті заңгер ретінде таныстырған ер адам сенгіш азаматтарға бизнес жоспарын жүзеге асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант пен арнайы төлем алып беруге көмектесетінін айтқан. Осылайша, оларды сан соқтырған, - деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі otyrar.kz басылымына сілтеме жасап.
Мұндай "қызметтің" құны 200 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін бағаланған.
Уәде етілгенін қызметті алмаған жәбірленушілер алаяқтың айласына түсіп қалғандарын түсініп, полицияға арызданған. Оларға келтірген жалпы шығын сомасы 32 миллион теңге болады.
Жедел іздестіру жұмыстары барысында Тұран аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері күдіктіні ұстады.
Қазір бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін күдікке ілінген ер адам қамауда отыр.