Шымкент тұрғыны жүкті әйелдерді "миллионмен декретке" шығарамын деп сотты болды

Сағыныш Сардарова 11 қыр. 2025 09:30

Шымкент тұрғыны жүкті әйелдерді "миллионмен декретке" шығарамын деп сотты болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

otyrar.kz мәліметінше, 21 жүкті әйелдің жөргекпұлы мен жәрдемақысын қолдан көбейтіп, заңсыздыққа барған 29 жастағы тұрғын сотталған. Ол өз әрекетімен мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қорына 22 миллион теңге зиян келтірген. Сот бұл ақшаны өтеуді міндеттеді.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 29 жастағы әйелді "алаяқтық жасады" және "қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды" деп таныды. Сот оны 21 жүкті әйелдің әлеуметтік және зейнетақы жарналарына тиісті төлемдерді жасанды жолмен көбейткен деп тапты. Ол бұл үшін 40 кәсіпкердің электрон цифрлық қолтаңбаларын заңсыз пайдаланған.

Айыпталушы сотта кінәсін мойындаған. Ол тапқан табысының бір бөлігін алған пәтерінің алғашқы жарнасын төлеуге жұмсаған. Іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыу қоры" акционерлік қоғамы айыпталушыға кешірім берген. Сот сотталушының кінәсі толық дәлелденді дейді.

"Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2) тармағында, 218-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деп жазылған мәліметте.

Сот оның кәмелет жасқа толмаған балалары барын ескеріп, жазаны өтеу уақытын 3 жылға шегерді. Дүйсеновадан жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын, яғни 22 миллион теңгеге жуық материалдық зиян өндіріледі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар