Биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардан жалпы ұзындығы 137 шақырым болатын 9 учаскені жөндеу жоспарланған, оның ішінде 86 шақырымы – облыстық, 51 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Бұдан басқа, қалалар мен аудандардың 201 шақырым көше-жол желісін жөндеуге 7,4 млрд.теңге көзделген. Оның ішінде, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 34 елді мекендегі 165 шақырым көшелерді жөндеуге 3,7 млрд.теңге бөлінді.
– «Үлкен Нарын – Күршім» жолының 11 шақырымы, «Мақаншы – Жалаңашкөл» жолының 20 шақырымы, «Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар» жолының 11 шақырымы, «Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар» жолының 20 шақырымы, «Күршім – Қалжыр» жолының 15 шақырымы, «Таврия– Каменка – Тройницкое» жолының 10 шақырымы, «Сөгір – Барлық – Ақсу» жолының 14 шақырымы, «Күршім – Ақсуат – Ақсуат» жолының 27 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылады, – деп баяндады ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов әкімдерге жол-жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне бақылауды күшейтуді және сапасын мұқият тексеруді, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар пайдалануға берілген учаскелерді тексеруді тапсырды.
– Өскемен және Семей қалалары бойынша жүргізіліп жатқан жөндеу жолдарының сапасына қатысты көп шағымдар бар. Өскемен, Семей қалаларының әкімдері орындалатын жұмыстардың сапасын қосымша тексеруді қамтамасыз етсін, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар, бұған дейін енгізілген учаскелерді тексерсін. Көше-жол желісін қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Аяқталуы 2021 жылға жоспарланған нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет, – деді Даниал Ахметов.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының сапасының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Семей қаласында автожол көпірін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал жалпы құны 31,1 млрд теңгені құрайды.