Кезінде Семей қаласында жеңіл өнеркәсіп саласы айтарлықтай дамығанын білеміз. Бірақ қазіргі таңда өңірде бұл бағытта жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар жоқ десек те болады.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шормановтың айтуынша, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жатқан 46 кәсіпорын бар болса, 43 шағын кәсіпорындар екен.
Биыл осы кәсіпорындардың өндірген өнімі 2 млрд теңгеге жуықтапты. Сала басшысының айтуынша, Шығыстағы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен Семей қаласында орналасқан.
Олар негізінен түрлі қаптар, төсек орын жабдықтарын, арнайы киімдер, сүйретпе мен түрлі аяқ киімдер өндіріп келеді. Биылдан бастап Өскемен мен Семейдегі тауар өндірушілер мемлекеттік тапсырыс аясында мектеп оқушыларының формаларын тігіп, әлеуметтік аз қамтылған халыққа тартқан болатын. Оқушылардың формасын тігуге облыс пен жергілікті жерлердің бюджетінен 626 млн теңге бөлініп, өңірдегі шағын кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетілген. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік аз қамтылған халықты қолдауға бағытталғанын да айта кетуіміз керек.
– Облыста жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту біз үшін маңызды бағыт болуы керек. Иә, еліміздегі тігін саласын сырттан келетін киім-кешектермен бәсекеге түсе алмайды. Бірақ облысымызда жүздеген кәсіпорындар өздеріне қажетті арнайы киімдерді сырттан сатып алмай, өзіміздегі тігін цехтарына тіктірестін болса, тігін саласымен айналысып жүрген кәсіпорындарға үлкен қолдау болары сөзсіз. Бүгінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қатысып, мемлекеттің қолдауына ие болған жеңіл өнеркәсіп мекемелері өндірістік мүмкіндіктерін кеңейткенін жақсы білемін. Олар облыс аумағындағы ірі кәсіпорындарға қажетті сапалы арнайы киімдер тігетін мүмкіндікке ие, – деп облыс басшысы өңірдегі ірі кәсіпорындарды жеңіл өнеркәсіп нысандарын қолдауға шақырды. Сонымен қатар тиісті орындарға осы бағытта жұмыс істеуге тапсырма берді.