Шетелдіктер ұйымдастырған ірі қылмыстық топ әшкере болды

Сағыныш Сардарова 21 ақп. 2024 09:18 1289

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды, олардың синтетикалық есірткі өндірісіне және тарату арнасына қатысы болған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Ішкі істер министрлігі деректеріне сүйеніп.

Шетелдік үш азаматқа трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны, оған басшылық жасағаны және қатысқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық топтың мүшелері Ақмола облысы Ерейментау қаласының шетінде орналасқан, ұйымдастырушы сатып алған жеке үйде құрықталды. Онда күдіктілер психотроптық заттарды дайындап, сақтаған.

"Топ мүшелерінің арасында рөлдер мен міндеттер нақты өзара айқындалған. Есірткі зертханасында салқындату, желдету жүйелері, сондай-ақ, синтетика өндіру үшін арнайы жабдықтар болған. Есірткі жасырын түрде, қатаң құпиялықты сақтау арқылы дайындалған.

Күдіктілер көршілерінде күдік тудырмауы үшін үйден қажет болғанда ғана шығып, үйдің периметрі бойынша ұйымдастырушының Wi-Fi желісіне шығатын бейнебақылау камераларын орнатқан.

Сонымен қатар, есірткі әзірлеуге арналған шикізаттар мен дайын өнімді сақтайтын гараж және автокөлік сатып алынған. Бұл мүліктердің барлығы көлеңкелі схемамен төленіп, шетелдік сатып алушының атына тіркелмеген", – деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Шыңғыс Алекешев.

Тінту кезінде 12 келіден аса мефедрон және 17 келіден аса прекурсор тәркіленді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар