Шетелдік ғалым вейпке тиым салу тиімсіз деп санайды

Dalanews 24 қаз. 2023 09:24 1229

Қазақстан Үкіметі вейпке толығымен тыйым салған еді. Бірақ бұл өте тиімсіз шешім болуы мүмкін. Жаңа Зеландияның озық зерттеулер орталығының директоры, профессор Марева Гловердің айтуынша, вейпингке жаппай қарсылықтың астарында БАҚ пен әлеуметтік желілердегі, ғылыми әдебиеттердегі жалған ақпарат себеп болып отыр.


Ғалымның айтуынша, соңғы онжылдықта Жаңа Зеландияда темекі шегушілер санын рекордтық деңгейге дейін төмендетуде вейпинг негізгі рөл атқарған. Дегенмен, ол шылым шегумен күрес компоненті ретінде қарастырылмайды.

«Вейптің зияны даусыз. Бірақ кәдімгі темекіге қарағанда қауіпсіз. Әрі түрлері де көп. Жүйелі зерттеу көрсеткендей, темекіге тәуелділікпен салыстырғанда адам вейпке тәуелділіктен едәуір тез арылады. Сондықтан вейпинг темекіге тәуелділер үшін ең қауіпсіз жол», – дейді Марева Гловер.






Айта кетсек, Қазақстанда вейпке қарсы тарап мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қауіп төніп тұр деп дабыл қаққан болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сәйкес, 11 мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «одноразканы» тұтыну төрт жыл ішінде үш есе өскен, ұлдардың 15 пайызы және қыздардың 6 пайызы электронды темекіні бір рет болсын қолданып көрген деген дерек бар.

Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдан бастап вейп сатуға тыйым салу мәселесін көтеріп келеді. Гловердің сөзінше, осыған ұқсас жағдай Жаңа Зеландияда да болған.


 

Елдегі мемлекеттік БАҚ он жастағы балалардың вейп шегетіні туралы мақала жариялап, ол қоғамның қызу талқысына түскен. Бірақ ешқандай БАҚ он жастағы балалардың шылым шеккені немесе алкоголь, есірткі тұтынғаны туралы жарияға жар салып жазбайды. Жаппай қарсылық тек вейпингке бағытталған.



Сонымен қатар Жаңа Зеландияда 2008 жылдан кейін туғандар үшін темекі шегуге тыйым салынды, соның әсерінен де вейпингке деген теріс көзқарас қалыптасқан. Бұл ретте заңды қарар тұста, оған толықтырулар енгізу қажет кезде егжей-тегжейлі шолу жасап, халықаралық тәжірибеге сүйенген дұрыс дейді доктор.

– Мысалы, Англияның Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы 2018 жылғы тәуелсіз шолуында «электронды темекі кәдімгі темекіге қарағанда шамамен 95% қауіпсіз» деген қорытындыға келді. Салыстырмалы түрде зияны ең аз нәрсе мұнша қарсылыққа ұшырауы тіпті күлкілі. Бұдан бөлек, мемлекет вейпингке тиым салмағанда Жаңа Зеландиядағы мезгілсіз өлім фактілерін азайтып, темекіге тәуелділіктен зардап шегіп отқан 165 мың адамның жағдайын жақсарта алар еді, – дейді ғалым.


 

Гловердің сөзінше, вейпинг бұрын темекіге тәуелді болған мыңдаған жаңазеландиялықтың өмірін сақтап қалған. Сондықтан мәселеге өзгеше көзқараспен қарайтын уақыт келді. Ал, вейпингтің балалар мен жасөспірімдер арасында таралмауы үшін мектептерде арнайы білім беру бағдарламасын қолға алуға болады. Сонымен қатар билік өкілдері оны сату орындарын қатаң бақылауға алған дұрыс. Егер кез келген сатушы заңды бұзып, 18 жасқа толмағандарға вейп өнімдерін сатса, олар қатаң жазалану керек.

– Қазақстан билігі үшін де мәселеге басқа тұрғыдан қараған дұрыс. Себебі, вейпингке толықтай тыйым салу дұрыс емес. Мүмкін вейп шегетіндердің шекті жасын белгілеу, салық салу заңнамасын өзгерту арқылы вейпинг мәселесін реттеген жөн болар. Бірақ толықтай тыйым салу мүлде тиімсіз. Өйткені, тыйым салынғанына қарамастан, кәмелетке толмағандар үлкендер арқылы немесе «қара базар» арқылы бәрібір сатып алып жүр. Осылайша, вейп контрабандасының ауқымын кеңейтуге жағдай жасап отыр. Ал, ел аумағына заңсыз келген, заңсыз жолмен сатылған өнімдер бұрынғыдан да үлкен проблема тудырады, – дейді Гловер ханым.


 

Статистикаға сәйкес, Қазақстанда темекі шегу өлім мен мүгедектіктің ең көп санын тудырған 10 жетекші фактордың ішінде үшінші орында тұр. Осы деректі ескерсек, мүмкін вейпингті мәселенің шешімі ретінде қарастырған да дұрыс болатын шығар?

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар