«Шешімі бар» бағдарламасы арқылы төртінші отбасы баспаналы болды

Dalanews 27 мам. 2020 13:51 984

«Алматы» телеарнасының «Шешімі бар» бағдарламасы арқылы төртінші отбасы баспаналы болды, – деп хабарлайды Almaty.tv.

Санжар Бегімбетов – 10-сынып оқушысы. Ол Алматы қаласы Наурызбай ауданында анасымен бірге аядай ғана тар бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Осыдан 5 жыл бұрын көз жанарынан айырылған анасы жұмыссыз. Анасының денсаулығына байланысты күнкөрісі нашарлаған, Санжардың ерте жастан еңбекке араласуына тура келеді.

– 12 жасымнан жұмыс істей бастадым. Бастапқыда базарға шығып нан сатып жүрдім. Бар тапқан ақшамды анама әкеліп беремін. Өйткені, пәтерақы, коммуналдық төлемдер, күнделікті азық-түлік сияқты шығындардың бәрін төлеу үшін ақша керек болды, – дейді Санжар.


Санжар анасының көзі қалпына келсе деп армандайды. Емдетуге қаражаты жетпейді. Дәрілер қымбат. Қазір ол үйінің жанындағы көлік жуу бекетінде жұмыс істейді. Күнделікті сабағынан кейін осында келіп, 2-3 мың теңге табады. Бар тапқанын жинап, анасы екеуі қажетті шығындарына жеткізуге тырысады.

– Осыдан 5 жыл бұрын көзім көрмей қалдым. Жолдасым бізді тастап кеткен... Жалдамалы пәтерге 15 мың теңге, газ бен жарық үшін 4 мың теңге төлейміз. Бұрын тігіншілікпен айналысқанмын. Қазір өздігімнен жүріп-тұра алмаймын... Отбасымыздың бар ауыртпалығы 10-сынып оқитын ұлымның мойнында, –  деп көзіне жас алады жалғызбасты ана Қамаш Бекімбетова.


Үшінші маусымы көрермендерге жол тартқан «Шешімі бар» әлеуметтік бағдарламасының бүгінгі кейіпкері Санжар мектеп бітірген соң, оқуға түсуді армандайды. Сондай-ақ, анасының көз жанарын толық тексеруден өткізіп, мүгедектікке шығаруға мүмкіндік алды. Құжаттарын қалпына келтіруге күш салып жүр. Ең бастысы, бағдарламада «Харекет» қайрымдылық қоры мұңлық жандардың арманын орындап, баспана кілтін табыс етті! Бұл – «Шешімі бар» бағдарламасында мұқтаж жандарға табысталған төртінші баспана.

Бүгін сағат 18.10-да «Алматы» телеарнасының эфирінен көрсетілетін «Шешімі бар» бағдарламасының «Болмаған балалық шақ...» атты кезекті шығарылымын тамашалауға шақырамыз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар