16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне байланысты сотта жантүршігерлік кадрлар көрсетілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазіргі таңда сотталушылардың бірі Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр. Жауап алу барысында қайғылы оқиға болған түні куәгерлер түсіріп алған видео көрсетілді.
Видеода марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев "жедел жәрдем шақырыңдар" деп бірнеше рет айғайлап, ал Шерзаттың анасы қасында жан дауысымен "қой дедім ғой" деп айғайлап жатады.
Видеодан күдіктілердің бірі Шерзатты не Нұрқанатты дубинкаға я мылтыққа ұқсас затпен ұрып жатқанын байқауға болады.
Сонымен қатар, прокурордың сөзінше, сол сәтте айыпталушы Белқожаев жерде жатқан Шерзатты теуіп кетеді.
"Осы сәтте Белқожаев, Шынасыл, Ильясов және Сәкиев Ғайыпбаевты бөлек, сол жаққа қарай сүйреп алып кеткен. Шынасыл мен Сәкиев пышақ жарақаттарын келтірген. Бұл құжаттармен анықталды", - дейді прокурор.
Видео Dalanews.kz-тің Instagram-парақшасында жарияланды.
Бұған дейін танымал адвокат Джохар Өтебеков Шерзат ісіндегі шикіліктерді жайып салған болатын. Өтебеков Шерзат мерт болған оқиға орнында 15 адам болғанын атап өтті.
"Оның 13-і тергеуден өтті. 11-ін қамауға алды. Сот алдында тек тоғызы жауап беріп жатыр. Ал Шерзатты өлтірді деп тек бір адам күдікке ілінген! Қалғаны көршілердің ұйқысын бұзыпты-мыс. Оларды бұзақылық бабымен соттамақ. Біз көрген нәрсе топтасып адам өлтіру болмаса, не болғаны? Полиция мен прокуратура не үшін "хуторлықтарды" кінәсіз деп санайды?
Судья процесті заң тұрғысынан жақсы жүргізіп отыр. Бірақ судья өз-өзінен полицейлер мен прокурорлар кінәсіз деп таныған адамдарды кісі өлтіргені үшін соттай алмайды", - дейді адвокат.
Джохар Өтебеков бұзақылық бабымен сотталғандар бір жылдан кейін-ақ бостандыққа шартты мерзіммен шығып кететінін айтты.
Ал бүгін Шерзат ісіндегі судья блогерлер мен халыққа ескерту жасады.
Судья Ержан Жанұзақовтың айтуынша, процесті талқылауға, тергеу мен соттың жұмысына баға беруге болмайды.
"Әлеуметтік желілерде блогерлер мен сот процесіне ешқандай қатысы жоқ басқа азаматтар жеке пікір білдіріп, тергеу әрекеттері мен сот процесінің барысына субъективті баға беріп жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын еске саламыз. Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады", - деді судья.
Ол сот процесі аяқталғанға дейін, үкім шығарылғанға және заңды күшіне енгенге дейін сот процесіне пікір білдіру, құқықтық баға беру заңсыз екенін мәлімдеді.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.