Шерзат ісіндегі судья блогерлер мен халыққа ескерту жасады

Сағыныш Сардарова 15 мам. 2025 10:55 700

Шерзат Болат ісіндегі судья блогерлер мен халыққа ескерту жасады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Судья Ержан Жанұзақовтың айтуынша, процесті талқылауға, тергеу мен соттың жұмысына баға беруге болмайды.

"Әлеуметтік желілерде блогерлер мен сот процесіне ешқандай қатысы жоқ басқа азаматтар жеке пікір білдіріп, тергеу әрекеттері мен сот процесінің барысына субъективті баға беріп жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын еске саламыз. Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады", - деді судья.

Ол сот процесі аяқталғанға дейін, үкім шығарылғанға және заңды күшіне енгенге дейін сот процесіне пікір білдіру, құқықтық баға беру заңсыз екенін мәлімдеді.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар