Шерзат ісінде Қаржаубай Нұрымов адвокаттарынан бас тартты

Сағыныш Сардарова 18 нау. 2025 17:28 578

Шерзат ісінде Қаржаубай Нұрымов адвокаттарынан бас тартты. Бұл туралы бүгін Айтбек Амангелді айтты. Бірақ олар әлі істен қол үзбейміз дейді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

Айтбек Амангелді бірнеше күн бұрын Шерзаттың туған-туыстарымен кездескенін айтты. Кездесуде Шерзаттың әжесі Гүлбар мен тағы бір белгісіз әйел болған. Адвокаттар сот жақындап қалғандықтан, жәбірленушілерді жауап алуға дайындау керек деп шешкен. 

"Осы кездесуден кейін екі сағаттан соң маған Қаржаубай жазды. Ол маған біздің адвокаттардың бәрінен сенімхатты қайтарып алатынын айтты. Басқа адвокаттарды таппақ. Біз реакция білдірмедік. Себебі Қаржаубайдың мінезін білеміз. Не болатынын көреміз. Жаңа ақпараттарға қарағанда, іске жаңа бес адвокат кіріседі. Біздің тарапымыздан не боламыз деген сұрақ туындап тұр", – дейді ол.

Жуырда қылмыстық істі тергеу аяқталғаны хабарланған еді. Тергеу материалдарының жалпы көлемі - 62 том. Оның ішінде барлық жиналған дәлел, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар.

Тергеудің барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының бақылауында болған.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты. Араға біраз уақыт салып Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі табылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар