Шерзат ісі бойынша сот үкімі қашан шығатыны белгілі болды

Көркем Алдабергенова 03 мау. 2025 12:22

Шерзат ісі бойынша сот үкімі қашан шығатыны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қылмыстық іс бойынша күдіктілерге сот үкімі 5 маусым- бейсенбі күні кешке 16.00-де шығады. 

Еске салайық, бұған дейін күдіктілердің жарыссөзде не айтқанын жазған едік. 

Сот отырысында алғашқы болып сөйлеген сотталушы Дархан Әскентай оқиға кезінде марқұм Шерзатпен төбелесіп қалғанын, содан кейін достарын көмекке шақырғанын айтты. Ол бұл әрекетіне өкініш білдіріп, сол жерде болғанын және телефон шалғанын растады. Әскентай өз әрекетін бейнематериал арқылы бағалауға болатынын, ешкімге қол көтермегенін, теппегенін және қолында пышақ болмағанын мәлімдеді. Ол досы Нұрболды шақырғанына өкініп, төбелес болатынын білмегенін жеткізді. Сондай-ақ, оқиғаға себепкер болған Қаржаубай туралы жалған ақпарат берілгенін, балалар келгенде ол пышақ шығарып, агрессия танытпағанда және Шерзат оларды ұрмаған жағдайда мұндай жағдай орын алмас еді деп санайтынын айтты. Әскентай төбелесті бастаған және пышақ пен қару қолданған Қаржаубайдың Қылмыстық кодекстің 293-бабымен сотталуын сұрады.

Сотталушы Равиль Сәкиев жәбірленуші тараптан және Нұрқанаттың әжесінен шын жүректен кешірім сұрайтынын айтты. Ол тергеу мен сот барысында Нұрқанатты екі-үш рет тепкенін мойындады және істеген ісіне өкінетінін жеткізді. Сәкиев өзіне ҚК 293-бап, 24-бап және 99-бап бойынша айып тағылғанын айтты. Ол Нұрқанаттың алғашқы жауаптарында пышақты басқа адамдар салды дегенін, ал беттестіру кезінде оны 2017 жылдан бері танитынын мәлімдегенін келтірді. Өзінің аты тергеу кезінде аталғанын, бірақ беттестіруге дейін 22-23 күн бойы айтылмағанын атап өтті.

Ол Қаржаубайдың өз кінәсін мойындағанын және ол үшін алғыс айтатынын айтты. Сәкиев тағылған айыппен келіспейтінін, тек тепкенін ғана мойындайтынын және өз әрекеті үшін тек 293-баппен қарауды сұрайтынын мәлімдеді.

Нұрбол Тоқтаубаев сөзін жәбірленуші тараптан кешірім сұраумен бастады. Ол марқұмға Алладан рақым тілеп, тергеу барысында кінәсін жартылай мойындайтынын айтты. Тоқтаубаевтың айтуынша, оның ешқандай қылмыс жасау ниеті болмаған, тек Дархан көмек сұрағаннан кейін барған. Ол тек екеуін татуластырып, Дарханды алып кетуді ғана ойлағанын, туған бауыры Азамат пен Шыңғысты ғана шақырғанын мәлімдеді. Өзінің жәбірленуші Нұрымовты сабырға шақырғанын, қақтығысты болдырмауға тырысқанын айтты. Қарулы болғанын теріске шығарып, төбелес кезінде Ғайыпбаев мылтық атқаннан кейін екі рет тепкенін және бұл үшін кешірім сұрайтынын жеткізді. Ол өзіне тағылған ҚК 293-баптың 3-бөлігімен келіспейтінін, Шерзаттың өліміне Нұрымов Қаржаубайды кінәлі деп танып, оған қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрады.

Азамат Тоқтаубаев өз сөзінде судьяға тыңдағаны үшін алғыс білдірді. Ол оқиға түні үйінде болғанын, үйқамақта отырғанын және дәріханаға бару қажеттілігі туғанын айтты. Шыңғыспен Талғарға бармақ болып, жолда Нұрқиястың хабарласқанын, оны алып кетуге барғанын жеткізді. Тоқтаубаев бұзақылық жасауға ниеті болмағанын, төбелес пен пышақ туралы ештеңе білмегенін айтты. Беттестіру кезінде Нұрқанаттың тергеушінің «Азаматтың қолынан не көрдің?» деген сұрағына «бабочка» деп жауап бергенін, ал прокурордың «ас пышағы» деп көрсеткенін, мұны түсінбейтінін мәлімдеді.

Ол өзіне жала жабылғанын сезетінін, 7 жылға сотталуын өмір бойына сотталғанмен тең санайтынын, бұл оқиғаны үлкен сабақ ретінде қабылдағанын, істеген ісіне өкінетінін, бір жасқа толмаған баласы мен үйде отырған жары барын айтып, соттан әділдік сұрады.

Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ адвокатының сөзін толық қолдайтынын, 4 қазанда түсте ғана оқиғаны білгенін, сотталушыларды бұрыннан танитынын және өзін ақтауды сұрайтынын мәлімдеді.

Шыңғыс Белғожаев болған жағдайға байланысты жәбірленушілерден кешірім сұрады. Ол оқиғаға қасақана барғанын жоққа шығарып, мұндай жағдай болатынын білмегенін айтты. Егер оларды мылтықпен күтіп отырғанын білгенде, бармайтын едік деді. Ол Қаржаубайдың “Шыңғыс мені пышақпен қуалады” дегені жалған екенін айтып, мұндай жағдай болмағанын, өзін бәрі бәкінің сабымен ұрып жатыр деп ойлағанын, ал шын мәнінде қол жарақатынан жұдырықпен соға алмағандықтан, қолының шетімен ұрғанын түсіндірді. Ол Шерзат пен Қаржаубайдың әрекеттері болмағанда, бұл жағдай да болмас еді деп санайтынын айтты. Белғожаев Қаржаубайды ҚК 293-бабымен жауапқа тартуды сұрап, 660 млн теңгелік өтемақыны төлеуге тоғыз адамның өмір бойы мүмкіндігі жоқ екенін, өтінішхатты қанағаттандырмауды сұрады.

Нұрқияс Ілиясов та Қаржаубай мен марқұмның анасынан шын жүректен кешірім сұрап, оқиғаға барғанына өкінетінін айтты. Ол Шерзаттың өзін ұрғанын, ал ағасының мылтық атқанын, өзі сөйлесу үшін ғана барғанын, ешқандай соғысу немесе қылмыс ниеті болмағанын мәлімдеді. Ілиясов соттан әділ жаза сұрап, Шерзатқа қол тигізбегенін, тек Нұрқанатты ұрғанын мойындады.

Дидар Қалиахмет төбелесті тоқтатпағаны үшін кешірім сұрап, сегіз ай бойы ата-анасы мен жарына қиындық туғызғанын айтты. Ол прокурорлардың айыптау актісін өзгертпегенін, өзі төбелеске қатыспағанын және дәлелдер болмағанын айтып, соттан әділ шешім сұрады.

Басты айыпталушы Абзал Шынасыл сотта Қаржаубайдың отбасынан кешірім сұрады. Ол бұл жағдайдың Алланың сынағы екенін айтып, Шерзатты өлтірсе бірден мойындайтынын, шындықты айтқанын жеткізді. Өз жауабын не үшін өзгерткенін түсіндіріп, жалғыз қателігі — намысқа беріліп, кінәні өз мойнына алғаны екенін айтты. Ол жазадан қорықпайтынын, әділ шешім сұрайтынын мәлімдеді.

ҚК 106-бабымен жаза тағайындауды сұрап, барша қазақ халқынан кешірім сұрады. БАҚ пен әлеуметтік желілерде айтылып жүрген «байдың баласы, депутаттың баласы» деген сөздерді жоққа шығарып, жалғыз анасы барын айтты. Шерзатты өлтірген өзі емес екенін, кімдікі екенін айта алмайтынын айтып сөзін қорытындылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар