Шерзат Болаттың үйі: әкімдік көмектесеміз деп, енді ақша жоқ деп мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 24 мау. 2025 10:15

Шерзат Болаттың туыстары тұратын үйдегі өрттен кейін әкімдік баспана қалпына келтіріледі деп уәде еткен. Алайда қазір Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі бюджетте мұндай шығын қарастырылмағанын мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Қазіргі уақытта аудандық бюджетте, өкінішке қарай, өрттен зардап шеккен Қаржаубай Нұрымовтың үйін қалпына келтіруге немесе жаңа баспана салуға қаражат қарастырылмаған», – деп жауап берген әкімдік "За нами выехали" телеграм арнасына.

Соған қарамастан, әкімдіктегілер демеушілерді тарту жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Егер ондай мүмкіндік табылып, «қажеттілік расталса», бұл мәселе қосымша қарастырылуы мүмкін екенін жеткізді.

Бұдан да маңызды бір жайт – Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі мәліметінше, Қаржаубай Нұрымовтың отбасы тарапынан ресми түрде материалдық көмек сұрау, мүлікті қалпына келтіру немесе тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтініш түспеген.

Еске салайық, бұған дейін Талғардағы жаппай төбелес кезінде қаза тапқан Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне байланысты Бас прокуратура мәлімдеме жасаған болатын. 

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бақылауына алынды.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлана бастады. 

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Куәгерлердің сөзінше, үй тұтас өртеніп кеткен.

Бұл дерекке Полиция департаменті жауап берді. 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар