Аяусыз өлтірілген жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Оның бір ғана талабы бар – құқық қорғау органдары ұлы мен бауырының өліміне қатысты жағдайды адал тергесе болды», – деді KazTAG редакциясына қоғам қайраткері Дінмұхамед Қаматай.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, Нұрымов қазір жүк көлігінің төбесіне шығып, журналистермен кездесуді күтіп тұр. Оның айтуынша, оқиға орнында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Азат ауылында, көптеген күштік құрылым өкілдері, сондай-ақ марқұм жасөспірім мен оның ағасының туыстары, сонымен қатар басқа да азаматтар жиналған.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова жасөспірімнің ағасының өлі табылуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Саида Тәуекелова марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев көз жұмғанын растады. "Чемодан госсекретов" телеграм-арнасында “Шерзат Болаттың ағасы төбелес кезінде қаруды бірінші алып шыққан, сол үшін өзін айыпты сезініп, өз-өзіне қол салған” деген ақпарат тараған.
"Марқұмның тергеу барысында берген жауаптарынан оның қатты қобалжығанын, інісінің өліміне өзін кінәлі деп санағанын байқауға болады. Суицид жасауының да себебі сол болуы мүмкін", делінген телеграмдағы жазбада.
Адвокат Тәуекелова бұл нұсқаны жоққа шығарған еді.
Ал бұған дейін Шерзат Болат тарапының қорғаушысы Марал Жайлаубаева қанды оқиға болған түні күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталғанын айтқан еді.
“Біз Нұрқанатты өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Бұл өтініш қазір тергеу органдарымен қаралуда. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің ортасында беттестіру өткізіліп, қазіргі таңда тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен біз танысудамыз”, - деген еді адвокат.