Журналист Оралхан Дәуіт жас қақпашы Шерхан Қалмырзаның шығу тегіне қатысты қызық дерек бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, спортшы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген. Бұл өңір – қазақтың аса көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның туған жері.
"Шерхан деген есімнің бұл балаға бекер қойылмағаны анық. Жуалы – Шерағаның туған жері ғой", – дейді Оралхан Дәуіт.
Журналистің сөзінше, Шерхан Қалмырзаның әкесі де кезінде спортта биік белестерді бағындырған.
"Әкесі Елдар жастайынан бокспен айналысқан, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Оны жуалылықтар жақсы таниды", – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Оралхан Дәуіттің айтуынша, бүгінде Елдар Астанада тұрады. Алайда Шерханның әке-шешесі екі бөлек кеткен көрінеді.
"Алла тағалам жас Шерханға бақ-береке берсін. Бабы да, бағы да келіскен спортшы болсын. Қазақтың туын көкте желбірете берсін", – деп тілегін қосты журналист.
Еске салайық, бұған дейін желіде "Қайрат" қақпашысы Шерхан Қалмырзаның анасы Сәуле Рабаева туралы дерек тараған еді.
Ол медиа саласында еңбек етіп, «Түнгі студия», «Балапан» секілді жобалардың продюсері ретінде танылған.
Бірақ Рабаеваның ең үлкен "жобасы" – екі ұлы. Шерханның бойындағы қайсарлық та анасының мықты мінезінен нәр алғандай.
Айта кетейік, 30 қыркүйекте Алматыда өткен "Қайрат" пен "Реал" арасындағы тарихи матчта 18 жастағы Шерхан Қалмырза әлем назарына ілінді. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) "Қайрат" қақпашысы Шерхан Қалмұрзаның сейвін Чемпиондар лигасының ойын күніндегі үздіктердің бірі деп атады.
УЕФА баспасөз қызметі жазба жариялап, онда жанкүйерлерден қай сейвтің үздік болғанын таңдауды сұрады.
Үздік бестіктің қатарына алматылық команданың 18 жастағы қақпашысының ойыны енді. Ол тарихи "Спортингке" қарсы матчтың небәрі бесінші минутында команданы қауіпті соққыдан құтқарып қалды.