Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округінде қызмет ететін шаруалармен, сорғы станцияларының басшыларымен кездесті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Ауқымды жиында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі талқыланды. Жауапты бөлімнің басшысы Асқар Ибраимовтың сөзінше, елдімекенде 9 сорғы станциясы орналасқан. Қазір оның төртеуінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып, ағымдағы жөндеу жасалып жатыр.
Ал №4 сорғы станциясының басшылығы қаржылық тапшылықтың болуына байланысты жөндеу жүргізудің кешіктіріліп жатқанын мәлім етті. Осы орайда, Асхат Бердіханов әкімдікпен үшжақты меморандумға қол қою арқылы қажетті қондырғыларды уақытша пайдалану туралы ұсыныс білдірді. Егер бұл шара жүзеге асса, №4 сорғы станциясы 1000 гектардан астам жерді суарға мүмкіндік болады.
Сондай-ақ басқосуда басқа да сорғы станцияларының желілерін жаңғыртуға қажетті құжаттар дайындалып жатқаны айтылды. Ал №5 сорғы станциясының суару желілерін күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Барлық жобаларда тапсырыс беруші – Алматы облысының құрылыс басқармасы.
Суды үнемдеу мәселесіне келсек, қазіргі таңда тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарды өндіруші «Жібек жолы» ЖШС-мен шаруалар келіссөздер жүргізіп жатыр. Биыл жаңа технология пайдаланылатын егістік алқабының көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар шаруаларға берілетін мемлекеттік қолдауларды алудың түрлі тетіктері де айтылды.
Айта кетейік, былтыр Шеңгелдіде 8050 гектар жер игерілген.