Шекарадағы ауылдар Ресейдің идеологиясын сіңіріп отыр - сенатор

Көркем Алдабергенова 20 мау. 2025 16:49

Қазақстан ауылдарын интернетпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өткен жиында сенатор Ольга Булавкина Ресеймен шекаралас аймақтарда тұратын тұрғындардың тек Ресей телеарналарын көретінін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда интернет пен отандық телеарнаға қолжетімділігі жоқ ауылдар бар, ал ондағы халық көретін жалғыз ақпарат көзі – Ресейдің телеарналары.

"Бұл ауылдар көршілес мемлекеттің телебағдарламасын көреді. Демек, олар сіңіретін идеология да – сол елдің идеологиясы. Нәтижесінде балаларын да сол елге оқуға жібереді. Бұл мәселені қалай шешпексіздер?" – деді Булавкина.

Ол бұл проблема Бородулиха ауданындағы ауылдарға тән екенін айтып, жылдар бойы шешілмей келе жатқанын қадап айтты.

Сенатордың сұрағына жауап берген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов мәселе теле-радио хабарларын тарату емес, мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтынын айтты.

"Бүгінде біздің спутник арқылы Қазақстанның бүкіл аумағы 100% қамтылған. Телевизияны қабылдау үшін тұрғындар тек қажетті қабылдағыш құралын орнатуы керек. Қазақстандық 20-дан астам арнадан тұратын стандартты топтама тегін көрсетіледі, қосымша ақылы арналарды да қосуға болады", – деді Қабенов.

Оның айтуынша, интернетпен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Ауылдарға интернет жеткізу бағытында бірнеше жоба іске асырылып жатқанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар