Шахмат жұлдыздары Ақтөбеде бас қосты

Ақтоты Жапатова 22 мау. 2025 17:48

Бүгін Ақтөбеде «Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2025» халықаралық шахмат фестивалі басталды, оның басты турнирі классикалық шахматтан Қазақстан Кубогының бастапқы кезеңі болып табылады. Жарысқа 19 елден 311 шахматшы қатысады. Жұлдыздар қатарында әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турнирінің қатысушысы Ван Хао (Қытай), рейтингі 2600-ден жоғары гроссмейстерлер және Қазақстанның жетекші шахматшылары бар,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Фестиваль 22-30 маусым аралығында өтеді және үш турнирді қамтиды::

  • Masters (рейтингі 2400 және одан жоғары шахматшылар)
  • Challengers (рейтингі 1900–2399 аралығындағы шахматшылар үшін)
  • Open (рейтингі 1400–1899 аралығындағы шахматшылар үшін)

Владимир Дворковичты еске алу Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен өтуде. Бас серіктестер – Freedom Holding Corp. және Ақтөбе мыс компаниясы. Жарыс өтетін алаң – ACE теннис орталығы (Мәңгілік Ел көшесі, 2) –Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен ұсынылған.

«Бұл турнир біздің шахматшыларымызға әлемдік элитаға қарсы өз үйінде – таныс ортада, бірақ өте жоғары бәсекелестік жағдайында ойнауға керемет мүмкіндік береді. Жүлде қорының көлемі турнирге сапалы құрамды жинауға мүмкіндік берді, бұл оның мәртебесін көрсетеді. Ең бастысы – мұндай жарыстың өңірде өтіп жатқаны. Біз тек Астанамен Алматыда ғана емес, шахмат серпінді дамып жатқан аймақтарда осындай ауқымды турнирлерді өткізуді саналы түрде қолға алдық. Бұл жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, жастарды шабыттандыруға және спортқа қуатты серпін беруге ықпал етеді», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Masters турнирі өте мықты құраммен ерекшеленеді. Бес қатысушы мансабында «2700» рейтинг межесін еңсерген супергроссмейстер санатына жататындығын айтсақ та жеткілікті:

  • Ван Хао (2701, Қытай) — үміткерлер турнирінің қатысушысы, Қытай және Азия чемпионы, FIDE Grand Swiss 2019 жеңімпазы. Ең жоғарғы рейтингі – 2763.
  • Аркадий Найдич (2737, Болгария)
  • Иван Чепаринов (2718, Болгария)
  • Алексей Сарана (2717, Сербия)
  • Санан Сюгиров (2712, Венгрия)

Қазіргі таңда олардың рейтингтері (Ван Хаодан басқа) 2700 межесінен төмендегенімен, олардың деңгейі әлі де әлемнің үздік шахматшылары қатарына кіруге мүмкіндік береді.

Aktobe Open 2025 турнирінің «Жеті мықтысы»:

  1. GM Ван Хао (2701, Қытай) – 35 жаста, FIDE Grand Swiss-2019 жеңімпазы, 2020/21 жылғы үміткерлер турнирінің қатысушысы, ФИДЕ рейтингінде №31 (2025 ж. 1 маусымда);
  2. GM Алексей Сарана (2686, Сербия) – 25 жаста, 2018 жылы Таганрогта өткен Дворкович мемориалының жеңімпазы және Aktobe Open 2024-тің қола жүлдегері, №43.
  3. GM Шант Саргсян (2669, Армения) – 23 жаста, № 52;
  4. GM Иван Чепаринов (2641, Болгария) – 38 жаста, № 85;
  5. GM Бардия Данешвар (2640, Иран) – 18 жаста (19 жасқа 21 маусым күні толады – аккредитация күні), Aktobe Open 2023 жеңімпазы және 2023 жылғы Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері, №86;
  6. GM Санан Сюгиров (2635, Венгрия) – 32 жаста, № 95;
  7. GM Аркадий Найдич (2629, Болгария) – 39 жаста, № 107.

17 ойыншының рейтингі 2500-2620 аралығында. Жалпы Masters турниріне 21 елден 76 шахматшы тіркелді. Оның ішінде: 25 гроссмейстер (GM), 2 әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM), 26 халықаралық шебер (IM), 4 әйелдер арасындағы халықаралық шебер (WIM).

Жарыс қожайындары атынан ең алдымен 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы-2024 және Қазақстан чемпионы-2025 GM Қазыбек Нөгербек (2538), GM Әлішер Сүлейменов (2515), 15 жастағы ХШ Эдгар Мамедов (2509), ол ФИДЕ тарапынан гроссмейстер атағын бекітуді күтіп отыр, ГМ Мұртаз Кажғалеев (2500), IM Арыстанбек Оразаев (2490), IM Алдияр Аңсат (2489), IM Жандос Ағманов (2481) және GM Рамазан Жалмаханов (2463) өнер көрсетеді.

Нәзік жандылар арасында – әлемдік рейтингте №30 орындағы халықаралық шебер және әйелдер арасындағы гроссмейстер Ольга Баделька (2424, Австрия) ерекше аталады. Могилёв қаласының тумасы 2021 жылы Беларусьтен Ресейге ауысып, биылғы қаңтардан бері Австрияның атынан өнер көрсетеді.

Фавориттерге қарсы мықты бәсекелес IM Меруерт Камалиденова (2330), WIM Афруза Хамдамова (2326, Өзбекстан) бар.

Екінші маңызды Challengers турниріне  100 ойыншы қатысады. Жеңіске үмітті басты фавориттер қатарында тәжірибелі шахматшы әрі жаттықтырушы ретінде танымал IM Кирилл Кудеринов (2350), IM Константин Казаков (2306), IM Бахтияр Нұғыманов (2305), IM Бахтияр Асқаров (2297),  сондай-ақ ФИДЕ жас шеберлері Алан Петухов (2313), Ерлан Тлеуханов (2296), Ернұр Амангелді (2235), Алдияр Жауынбай (2233) бар.

Шахматқа әуесқой қауым да ұмыт қалған жоқ: Open турниріне олардан 151 адам тіркелді. Осылайша, Ақтөбе деп аталатын қаладағы шахмат шайқастарына барлығы 331 спортшы қатысады.

Барлық турнирлер 9 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша, 90+30 классикалық уақыт бақылауымен (әр партияға 90 минут және әр жүріске 30 секунд қосылады) өткізіледі.

Masters турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры – 78 000 АҚШ доллары, оның ішінде жеңімпаз – $18 000, 2-ші орын алған – $12 000, 3-ші орын алған – $10 000 алады, 15-ші орынға дейін – $1000. Егер үздік әйел қатысушы 15-ші орыннан төмен орналасса, ол да дәл сондай $1000 жүлдеге ие болады.

Challengers турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры – 15 000 АҚШ доллары (жеңімпаз – $4000 иеленеді), Open турнирі – 7000 АҚШ доллары (жеңімпаз – $2000 иеленеді). Мұнда да әйелдер арасындағы үздік нәтиже үшін және жергілікті ойыншылар арасында үздік болғандарға арналған жүлделер қарастырылған.

Маңызды атап өтерлігі, «Владимир Дворковиті еске алуға арналған Aktobe Open 2025» – ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан Кубогының 2025 жылғы алғашқы кезеңі болып табылады. Ақшалай және басқа да жүлделерден бөлек, алғашқы 20 орын иегерлері Кубок есебіне ұпайлар алады. Қалған екі кезең – «Oskemen Open 2025» (2025 ж. 21–29 шілде) және «Almaty Region Open 2025» (2025 ж. 4–12 тамыз). Сәйкесінше, «Kazakhstan Chess Cup 2025 – Final» финалында (2025 ж. 9–19 қараша) айналмалы жүйе бойынша 12 (он екі) қатысушы бақ сынайды: 6 (алты) ойыншы – кезеңдер нәтижесі бойынша ең көп ұпай жинағандар және 6 (алты) ойыншы – ҚШФ Президиумының Тренерлік кеңес ұсынған шешімімен.

Мемориал Ақтөбеде 2019 жылдан бері өткізіліп келеді және халықаралық арбитр Владимир Яковлевич Дворковичтің (30.12.1937–29.06.2005) рухына арналады. Таганрог педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдаған Владимир Дворкович 1960 жылы жолдамамен Ақтөбеге келген. Мұнда ұзақ болмағанымен, жақсы естелік қалдырып кеткен... Кейінірек ол КСРО Шахмат федерациясының жауапты хатшысы (1982–1984), РФ Шахмат федерациясы төрешілер алқасының төрағасы (1992–1995, 2003–2005), «Шахматшы анықтамалығы» және «Владас Микенас» кітаптарының авторы атанды. Оның үлкен ұлы Аркадий Дворкович – 2018 жылдың қазан айынан бері ФИДЕ президенті.

Ақтөбе  – Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы, химия, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі жоғары дамыған қала. 150 жылдан астам тарихы бар бұл қала халық саны бойынша Қазақстан қалалары арасында төртінші орында – 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, 584 769 тұрғын бар (ҚР  СЖжРА ҰСБ деректері бойынша). 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар