Шатырдан арыққа дейін: «Таза Қазақстан» Талдықорғанды қалай түрлендірді?

Ақтоты Жапатова 14 там. 2025 14:16

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру, көп қабатты үйлердің шатырлары мен қасбеттерін, сондай-ақ арық жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері облыс орталығы Талдықорған қаласында өткен экологиялық шараларға 6 мыңға жуық тұрғын қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Талдықорғанда жалпы ауданы 124 га болатын 5 саябақ пен 40 гүлзар бар. Жыл басынан бері облыс орталығында 10 мың ағаш отырғызылды. Бұл ретте жасыл аймақтарды күтіп ұстау үшін 10 учаскеде 5 мердігер ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

- «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл біз 37 үйдің шатыры мен 20 көпқабатты үйдің қасбетіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, 7,4 км арық желілерін қайта жаңарту көзделген. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері қалада барлығы 37 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 6 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Мұның бәрі жалпы алғанда тазалық пен тәртіпті сақтауға, облыс орталығын абаттандыруға, сондай-ақ экологиялық мәдениетті нығайтуға оң әсер етеді, - деп атап өтті Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.

Қала тұрғындары мен қонақтары абаттандыру шараларына қатысты пікір білдірді.

- Жергілікті тұрғын ретінде Талдықорған қаласының жылдан жылға өсіп келе жатқанына қуанамын. Басқа қалалардан келген достарымыз да біздің Талдықорғанның жақсарып келе жатқанын жиі айтады. Бұл – қала тұрғындарының ортақ еңбегі, - дейді талдықорғандық Серік Қожаханов.

Ал Алматы қаласының тұрғыны Мәншүк Қаракенова Талдықорғанның жалпы келбетін жақсартуға «Таза Қазақстан» бағдарламасы айтарлықтай әсер етті деп есептейді:

- «Таза Қазақстан» бағдарламасының арқасында Талдықорған қаласы әдемі әрі таза кейпін сақтап отыр. Қаланың өзі де жасыл желекті, ауасы таза, ал тұрғындардың тазалық пен тәртіпті сақтауы, сенбіліктерге белсенді қатысуы, туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауының арқасында қала бұрынғыдан да жақсара түсті. Мен бұл қаланы бұрыннан жақсы көремін және осында келген сайын риза боламын, - дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар