Астанада даму ерекшелігі бар жасөспірімді қатарластары соққыға жыққан. Оқиға туралы зардап шеккен баланың анасы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әйелдің айтуынша, оқиға мектептегі сабақтан кейін болған.
«Ұлым сыныптан шыққан кезде оған артынан шабуыл жасады. Тұншықтырып, ұра бастаған. Балама 15-тен астам соққы жасалды. Басқалары жанында тұрып, ешкім кедергі жасамасын деп өзгелерді ұстап тұрған. Менің ұлымда психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі бар. Ол өзіне не үшін бұлай жасағанын да толық түсінбеді», – деп жазды анасы Instagram парақшасында.
Оның сөзінше, оқиға кезінде айналада басқа балалар да болған.
«Балалар қарап тұрды. Күлді. Телефонға түсіріп тұрған», – деді ол.
Оқиғаға қатысты Есіл аудандық полиция басқармасы пікір білдірді. Полиция мәліметінше, шабуыл жасаған жасөспірімнің заңды өкілі бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары мектеп әкімшілігі және ата-аналармен бірге құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кеңес өткізген.
Полиция мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін оқушылардың тәртібіне бақылауды күшейту мәселесі қаралғанын хабарлады.