Мәжіліс депутаты Никита Шаталов өзіне қатысты тарап жатқан айыптаулар мен қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мен қазақпын, бұл – менің басты болмысым. Соңғы уақытта мені "ватник", "шетелдің агенті", "прокремльдік" деп айыптағандар болды. Бірақ бұл айыптаулардың ешқайсы шындыққа жанаспайды", – деді Шаталов.
Депутаттың айтуынша, оның сөздері кейбір ресейлік БАҚ-та бұрмаланып, контекстен үзілген. Ол бұл жағдайдың манипуляция екенін және оған қарсы тұратынын жеткізді.
"Мен тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдім. Ол кезде, Құдайға шүкір, Кеңес Одағы жоқ еді. Осы жерде өсіп-өндім, отбасын құрдым, балалы-шағалы болдым. Менің жалғыз Отаным – Қазақстан. Басқа отаным жоқ және болмайды да!", – деді ол.
Шаталов қазіргі жағдайды ақпараттық шабуыл деп санайтынын айтып, бұл мәселені жай қалдырмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол алдағы уақытта мұндай түсінбеушіліктерге жол бермеуге тырысатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Никита Шаталов кулуарда әлеуметтік желіде өзіне қарсы көп жазылған сыни пікірлерге жауап берген еді. Никита Шаталов “параграф” сайтында өзінің өмірбаяны қате жазылып кеткеніне (ҚазССР-да туған деп жазылған) өзінің қатысы жоғын айтқан болатын. Оны техникалық қателік деп атады. Ақпарат көзіне хабарласып, қателікті түзетуді өтінгенін де жеткізді.
"Сол қателікті біртүрлі айналдырып, мен көзіммен көрмеген совет одағымен араластырып жіберіпті. Мен оған көп назар аудармаймын. Адамдар ақпаратпен манипуляция жасап, мен жазбаған, айтпаған ақпараттарды таратты. Мен жария тұлға екенімді ескере келе бұған сабырлы түрде қараймын", – дейді ол.
Депутат өзін ресейшіл деп айыптағандардың айтқаны “қып-қызыл өтірік” деп жауап берді. Геосаясат жайлы сөз қозғағанда әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан жазатынын жеткізді.
Мен осы елдің патриотымын. Басқа адамдарға бірдеңе дәлелдеуге зауқым жоқ. Мені жіті оқыған адамдар, сөзімді оқып, көріп отырғандар қандай мүдделерді қорғайтынымды біледі. Ұстанымымның Ресейге еш қатысы жоқ. Өкінішке қарай, мұндай құбылыс мен этникалық орыс болғаннан кейін туындап жатыр деп айтуға мәжбүрмін. Себеп сол, – дейді ол.
Бұған дейін Никита Шаталов әлеуметтік желідегі парақшасында геосаяси тақырыпта жазба қалдырып, сол үшін сынға қалған еді. Оны ресейшіл деп айыптағандар болды. Ол сөзінде Украинаны қолдап отырған Батыс елдерін “идеалист” деп атап, Украина президентінің командасын сынаған. Оның алдында Каспий құбыры концорциумының Ресейдегі станциясына дронмен шабуыл жасалғанда Шаталов Қазақстан Украинаны жауапкершілікке шақыру керек деп мәлім еткен.