Шардаралықтардың 55 пайызы табиғи газбен қамтылады

Dalanews 31 қаң. 2018 04:24 787

Биыл Шардара ауданының тұрғындарының  55 пайызы табиғи газбен қамтылатынын аудан әкімі Болатбек Қыстауов 2017 жылы атқарылған жұмыстары бойынша халық алдында берген есепті жиынында мәлім етті.

Оның айтуынша, өткен жылы облыстық бюджеттен 258,8 млн теңге қаржы бөлініп, №18 Шардара газ тарату стансасының құрылысы басталған. Нысан құрылысын 2018 жылы аяқтау көзделіп, бұл жұмыстарға 771,6 млн.теңге бөлінген. Алдағы уақытта осы жоба нәтижесінде Шардара қаласы мен оған іргелес 11 елді мекен, яғни, аудан тұрғындарының 55,7 пайызы табиғи газбен қамтылмақ.

– Өткен жылы шардаралықтар үшін табысты болды деп айтуға толықтай негіз бар. Әсіресе, газдандыру жұмысының басталғаны осы жылдың үлкен жемісі, әрі халықтың қуанышы болмақ. Биылғы жылы Шардара қаласының ішкі газ жүйесінің құрылысы басталып, бұл шаруа кезең-кезеңімен жүзеге асады. Сонымен қатар Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық елді мекендерінің ішкі газ жүйелері құрылысының ЖСҚ-сы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Биылғы жылы бұл жобаның да құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының тағы да 40,6 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады, – деді Болатбек Қыстауов.

Бұдан бөлек, есепті кездесуде әкім облыстық бюджет есебінен ауданда төрт қабатты 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетінін және тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бойынша Жаушықұм ауылдық округінде  ауыз су жүйелерінің құрылысы қолға алынғанын айтты. Дәл осындай бағытта Қызылқұм ауылының бас су торабының құрылысына ЖСҚ әзірлеу үшін, Ақ алтын ауылындағы ауыз су торабын іске қосу үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/33541

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар