2025 жылғы 24 мамырда Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылдық округіндегі “Сырдария” жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері өздерінің 20 жылдық мерейтойы аясында қайырымдылық шарасын өткізді. Олар ауыл тұрғыны Бақтыбай Құрбановқа үш бөлмелі тұрғын үйді сыйға тартты, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Сауапты әрі салтанатты іс-шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Туребеков арнайы қатысып, баспаналы болған отбасыны құттықтап, игі іске мұрындық болған түлектерге аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
– Құрметті Қоссейіт ауылының тұрғындары мен қадірлі түлектер! Сіздердің бірлік пен ынтымақпен атқарған игі істеріңіздің нәтижесінде бір отбасы шаттыққа бөленіп отыр. Осындай азаматтық әрекеттер елдің берекесін арттырады. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін, – деді Б.Туребеков.
Шара барысында Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар мен ауыл биі Бауыржан Төлегенов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, түлектерге ақ баталарын берді.