Табиғи газды жеткізу үшін 47 шақырым газ құбыры жүргізілді. Жоба құны 140, 940 млн теңге. Газ өткізу жұмыстары республикалық және облыстық бюджет есебінен Шардара қаласының ТКШ бөлімінің тапсырысы бойынша жүргізілді.
1700-ге жуық тұрғынды үздіксіз газбен қамтамасыз ету жобасын "QazaqGaz" ұлттық компаниясына тиесілі "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ жүзеге асырды.
– Газ, әрине, адам тұрмысын жеңілдететін игілік, бірақ сонымен бірге газбен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс, – дейді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.
Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай да көпшілікті құттықтады.
Тұрғындар атап өткендей, газ жылыту маусымында көмір жағып, күл шығару машақатынан құтқарады.
Сонымен қатар табиғи газды тамақ дайындау және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланған кезде тұтынушылардың шығындары азаяды. Сонымен қатар қаланы газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартады.
Айта кетсек, қазіргі уақытта Шардара қаласында 31 845 адам, 4 600 жеке тұрғын үй, 75 көпқабатты тұрғын үй, 54 мемлекеттік және әлеуметтік нысан, 215 кәсіпкерлік нысан, 7 өндірістік нысан бар.
Қаладағы 14 шағын ауданда газ құбырлары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 3 кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде 3150 тұрғын үй табиғи газға қосылды. Бүгін аталған жұмыстардың екінші кезеңі аяқталып отыр. Ал соңғы үшінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанда тағы 1870 шардаралық тұрғын "көгілдір отынның" шарапатын көреді.