Бүгінгі таңда кәсіпорын Қызылқия, Қақпақ ауыл әкімдігіне қарасты төрт елді мекендерге электр қуатын шығаруды бастап, сынақ мерзімін өткізу жұмыстарын жүргізуде. Электр станциясы өндірілген өнімді Қызылсенгір елді мекенінің электр желісіне қосу үшін «Оңтүстік жарық» мекемесіне 1кВт 16,71 теңгеден электр қуатын өткізуде.
«Salem Consultinq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 400 млн. теңге қаражат жұмсаған жоба осы аудандағы Үлкен кескен каналында орналасқан. Үлкен кескен каналынан 6м³/сек. су алынып, 450 метр төмен қарай электр станциясына келіп, арнайы қондырғылардан өтіп сағатына 1000 кВт (сағ/1мВт) электр қуаты шығарылады. Гидро электр станцияда жергілікті 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл электр станция ауданның электр қуатына деген қажеттілігінің бестен бір бөлігін қамтып отыр.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстандағы 844 елді мекен толық электр қуатымен қамтылған. Биыл қазынадан 11,7 млрд теңге бөлініп, 101 елді мекенді сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету құрылыстары жүруде. Жұмыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 есе артқан. Оның ішінде: жылдың қорытындысымен 85 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, тозығы жеткен электр жүйелері жаңартылатын болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі