Шетелге жұмысқа жіберемін деген әйел 93 адамды алдаған

Шетелге жұмысқа жіберемін деген әйел 93 адамды алдаған
istock.com

Көкшетауда Ұлыбританияға жұмысқа орналастыруды уәде етіп, ондаған адамды алдады деген күдікпен әйелге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі («Алаяқтық») бойынша жүргізілуде.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті 2023 жылдан 2026 жылдың қаңтарына дейін әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға Ұлыбританияға жұмысқа орналастыру қызметін ұсынған. Ол виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру, биометриялық рәсімдерден өткізу және басқа да құжаттарды дайындау сылтауымен азаматтардан ақша алғанымен, уәде етілген қызметтерді көрсетпеген.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша 93 адам жәбірленуші деп танылған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 60 млн теңгені құрайды. Ақша қолма-қол да, банк аударымдары арқылы да берілген.

Тергеу барысында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, күдікті жауап алынған. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, басқа да ықтимал жәбірленушілерді іздестіріп жатыр.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтарды шетелге жұмысқа орналасу кезінде сақ болуға, делдалдардың қызметін мұқият тексеруге және ұсынылатын қызметтің заңдылығына көз жеткізбей ақша аудармауға шақырды.