«Сергекке» жаңа функция ұсынылды

Самал Асқар 22 сәу. 2026 14:17

Қазақстанда бейнебақылау жүйесі «Сергекті» агрессивті мінез-құлықты анықтайтын алгоритмдермен толықтыру ұсынылды, деп хабарлайды Dala News.

Мәжіліс отырысында депутат Құдайберген Бексұлтанов бұл бастаманы көтеріп, вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына сауал жолдады.

«Менің сауалым қоғамдық этика мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне мемлекет тарапынан жүйелі түрде араласу қажеттілігіне қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» қағидатын жүзеге асыру және «Заң мен тәртіп» ұстанымын қалыптастыру әр азаматтың ішкі мәдениеті мен өзін-өзі тәртіпке келтіруінсіз мүмкін емес екенін бірнеше рет атап өтті. Алайда бүгінгі күні біз «моральдық сүзгілердің әлсіреуін» байқап отырмыз. Дөрекілік, агрессия және бейәдеп сөздер қалыпты жағдайға айналып, мәдени кодымызға нұқсан келтіруде. Ұлы Абай «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген. Қоғам мәдениеті сөйлеу мәдениетінен басталады. Осыған байланысты Үкіметке мәселені жүйелі шешу үшін бірқатар шараларды іске асыру ұсынылады. Біріншіден, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін жедел анықтау үшін «Сергек» бейнебақылау жүйесін агрессивті мінез-құлықты танитын алгоритмдермен интеграциялау қажет», – деді депутат.

Сонымен қатар ол өңірлер бойынша қоғамдық мәдениет индексін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын жүргізілетін тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер негізінде қалыптасып, өңірлердегі «сөйлеу мәдениеті» мен қауіпсіздік деңгейін бағалайды және әкімдердің рейтингіне әсер етуі мүмкін.

Депутат білім беру жүйесін де жаңғыртуды ұсынды. Атап айтқанда, оқу процесіне сөйлеу мәдениеті мен этикетке қатысты модульдерді енгізу, Абай қағидаларын ықпалдастыру және зорлықсыз коммуникация дағдылары бойынша міндетті тестілеу енгізу қажет.

Бұдан бөлек, ол «Таза ниет – таза сөз» бағытын қамтитын жалпыұлттық бастаманы кеңейтуді, мәдениетті насихаттайтын контентке мемлекеттік тапсырысты арттыруды және сөйлеу мәдениетін дәріптейтін блогерлер мен инфлюенсерлерге гранттар бөлуді ұсынды.

«Құрметті Аида Ғалымқызы! Әлихан Бөкейхан айтқандай, ұлтқа қызмет ету адамның болмысымен өлшенеді. Біз мәдениетті болу беделге айналатын, ал дөрекілік әлеуметтік әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын орта қалыптастыруымыз керек», – деді Бексұлтанов.

Оның сөзінше, халықаралық тәжірибе мұндай тәсілдердің тиімді екенін көрсетеді. Мәселен, Жапонияда моральдық тәрбие мектептерде міндетті пән ретінде оқытылады, ал Финляндияда агрессия мен буллингтің алдын алуға бағытталған бағдарламалар іске асырылып келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove