«Сергек» вандалдарды да аңдитын жүйеге айналуы мүмкін

«Сергек» вандалдарды да аңдитын жүйеге айналуы мүмкін
pixabay.com

Қазақстанда қоғамдық орындарға заңсыз граффити салатындарды жедел анықтау үшін «Вандализм қаупі бар аймақтар картасын» енгізу ұсынылды. Депутаттар бұл ұсынысты Үкіметке жолдаған депутаттық сауалда көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемаловтың айтуынша, қала инфрақұрылымының бүлінуі мен рұқсат етілмеген граффити мәселесі өзекті болып отыр. Депутат бұл мәселе Мемлекет басшысының заңсыз граффитиге қатаң тосқауыл қою және мұндай әрекеттерді вандализм мен бұзақылыққа теңестіру жөніндегі тапсырмасынан кейін ерекше маңызға ие болғанын атап өтті.

Депутаттың мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша 20-30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанына қарамастан, қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру фактілері әлі де кездеседі.

Мейрамбай Кемалов заңсыз граффитидің таралуына бірнеше фактор әсер ететінін айтты. Соның бірі – құқық бұзушылықты «ізін суытпай» анықтау және кінәлілерді жедел белгілеу мүмкіндігінің жеткіліксіздігі.

Депутаттың айтуынша, мұндай әрекеттер көбіне түнгі уақытта бірнеше минуттың ішінде жасалады. Құқық бұзушылар бетперде немесе капюшон пайдаланып, ғимараттардың қасбеттерін, аялдамаларды, жерасты өткелдерін және басқа да қоғамдық орындарды нысанаға алады.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасына» ұқсас «Вандализм қаупі бар аймақтар картасын» құру ұсынылды. Карта елді мекендердегі вандализм жиі жасалатын аумақтарды географиялық координаттар бойынша нақты уақыт режимінде көрсетуі тиіс.

Сонымен қатар депутаттар құқық бұзушылықтарды жедел анықтау үшін қолданыстағы цифрлық жүйелерді, оның ішінде «Сергекті» пайдалана отырып, бейнеаналитика мен тұлғаны тану алгоритмдерін біріктіруді ұсынды.

Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігіне тәуекелі жоғары аумақтарда тәулік бойы бейнебақылауды күшейту, патрульдеу, жарықтандыру және абаттандыру шараларын күшейту ұсынылды.

Депутаттар заңсыз граффитиге балама ретінде стрит-артпен айналысуға арналған арнайы орындар бөлуді де ұсынды. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдарға көше суретшілеріне арналған қабырғалар мен алаңдар белгілеу ұсынылды.

Ал Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне жастар арасында заңсыз граффитидің құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгілік қағидаларына заңды стрит-арт мәселелерін реттейтін өзгерістер енгізу ұсынылды.

Депутаттар сондай-ақ заңсыз салынған суреттерді жедел өшіру немесе нысандарды бастапқы қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдар жанынан жедел топтар құруды ұсынды.

Ұсыныстарды депутаттар Үкіметке, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және бірқатар мемлекеттік органдарға жолдады.