Төраға орынбасары өз сөзінде Арал апаты аймақтық та, жаһандық деңгейде де шешуді талап ететін қазіргі замандағы өзекті мәселелердің бірі ретінде БҰҰ-да танылғанын атап өтті.
– Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеруде бірлескен күш-жігер жұмсап келеді. Екі елдің президенттері Арал өңіріндегі өзекті мәселелерді жедел шешуді, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды жүйелі түрде айтып отыр. Өтіп жатқан форумды біз екі ел, оның ішінде парламенттік байланыстар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңды жалғасы ретінде қарастырамыз, – деді Төраға орынбасары.
Депутат Ақмарал Әлназарова да Арал өңіріндегі климаттың әсерін және табиғи ортаның азып-тозуын азайту мақсатында Сырдария өзені мен Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін шешуде жалпыға бірдей қабылданған халықаралық конвенциялар мен стандарттарға сәйкес түбегейлі қадамдар қажеттігін атап өтті.
– Экономиканың барлық салаларында климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қабылдау қажет, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясы мен ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек. Таяу жылдарда құрғап қалған теңіз түбінің жалаңаш жерлеріне орман өсіру, мал шаруашылығын дамыту үшін суы өздігінен шығатын ұңғымалардың айналасында оазис жүйесі жасалуы қажет. БҰҰ қамқорлығы аясында терең зерттеулер жүргізіп, тиісті ұсынымдар әзірленуі керек, – деп атап өтті сенатор Әлназарова.
Конференцияға Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты Төрағасының орынбасары Содик Сафоев, ДДҰ Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге, USAID жобасының жетекшісі Екатерина Стрикелева қатысып, сөз сөйледі.