Сенат арнайы органдар туралы даулы түзетулерді қабылдады

Сенат арнайы органдар туралы даулы түзетулерді қабылдады
Ашық дереккөз.

Сенат арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заңнамалық түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжат қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және арнайы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң аясында құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет және әскери қызметшілер үшін зейнетақымен қамсыздандыру тәртібі нақтыланды. Енді қызмет өткеру мерзімі кемінде 25 жылды құрайтын және қызметте болудың шекті жасына жетуіне байланысты жұмыстан босатылған азаматтар еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығын сақтайды.

Сондай-ақ күштік құрылымдар арасындағы кадрлық ауысу рәсімі жеңілдетілді. Түзетулерге сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы мемлекеттік органдарға немесе Қарулы күштер қатарына қызмет өтілін үзбей ауыса алады. Бұл тәртіп кері бағытта да қолданылады.

Заңда шетелге қызметтік іссапармен немесе халықаралық ұйымдарға жіберілетін арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері кеңейтілген. Олар дипломатиялық қызметкерлерге теңестірілген шарттармен қамтамасыз етіледі. Бұл әлеуметтік және медициналық қызмет көрсету мәселелерінде олардың отбасы мүшелеріне де қатысты болады.

Құжатпен Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттіктері де нақтыланды. Ведомствоға өз міндеттерін орындау үшін мемлекеттік органдардың мүлкін пайдалану, жауынгерлік техникамен қатар өзге де техникалық құралдарды және қызметтік жануарларды қолдану құқығы беріледі.

Сонымен қатар терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы нормалар күшейтілді. Заңда террористік және экстремистік материалдарды сақтауға тыйым салынып, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы өкілеттіктері нақтыланды.

Мемлекеттік құпияларды қорғауға қатысты талаптар да күшейтілді. Құпия ақпараттың қорғалу деңгейін төмендету ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер ретінде белгіленді. Бұдан бөлек, президенттік байланыс жүйесіне қатысты мәліметтер мемлекеттік құпиялар қатарына енгізілді.

Түзетулер ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібіне де әсер етеді. Ұпайлары тең болған жағдайда жетім балаларға, қызмет ардагерлерінің балаларына, «Алтын белгі» иегерлеріне және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына басымдық беріледі.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау мәртебесі нақтыланды. Енді дағдарыстық жағдайлар, төтенше режимдер немесе жұмылдыру кезінде атқарылған міндеттер де қызметтік міндеттерді орындау ретінде есептеледі.