"Семіріп алған". Тұрсынғали Еділов бокстағы фиаско туралы ойын айтты

Көркем Алдабергенова 07 там. 2024 11:38 2945

Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов қазақ боксшыларының Париж Олимпиадасындағы ойындары туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еділов Қазақстан федерациядан бастап бәрін жоғалтып алғанын айтады. 

"Тек бас бапкерге сенеміз. Олимпиадаға аш балаларды әкелу керек. Олардың көзінде жеңіске деген ұмтылыс болады. Егер сен тойып алсаң, қалай қимылдайсың? Аш болу керек, олар сол кезде қимылдайды. Финалда кім жаңашылдықпен келеді - сол жеңіске жетеді. 3-4 дүркін Олимпиада жүлдегерлерін қайта-қайта неге қатыстыра береді? Мәселе - сол. Соны сезбейді жаттықтырушылар, барлық бәле содан. 

Жеті адам – Сәкенді, Сабырханды алмайды ешқашан. Қоңқабаевтың орнына кім бар? Ешкім жоқ. Шыңбергеновтың орнына кім барады – ешкім жоқ. Бір-екі… Токио Олимпиадасынан бастап дабыл қағу керек болатын. Ауыстыру керек еді. Қоңқабаев не керек? Құлап жүр. Жалолов нокаутқа түсірген адам оны ұтып алды. (...) Қазір "семіріп" алған", – дейді Тұрсынғали Еділов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.

Бұған дейін белгілі саясаткер, мемлекет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшан Қазақстандағы бокстың  жай-күйіне байланысты пікір білдірді. Кеңес Одағы кезінде бокстан гүрзі жұдырығымен қарсыластарын талай мәрте сұлатып түсірген ардагер спортшы елдегі спорт ахуалын сынап тастады

Оның сөзінше, қазіргі таңда  елдегі спорт саласы айтарлықтай ақсап тұр. Мұның басты себебі ретінде ол басшылықты тәжірибесі жоқ біліксіз мамандардың жайпап алуымен байланыстырды.

“Париж Олимпиадасына байланысты көптеген пікір айтылуда. Осы саланың айналасында жүргендіктен, маған Қазақстандағы, соның ішінде қазақтың ұлттық спортына айналған бокстың ахуалына байланысты сұрақтар жиі келеді. Шындығына келгенде, кейінгі кезде спортты басқаратын министрлікте,  кабинеттің төрағалығында әртүрлі жағдаймен спорттан еш хабары жоқ, жалпы спортты өзінің кәсіби мамандығы ретінде қарайтын жанашыр азаматтар басқармады. Соның кесірінен соңғы 5-6 жылда спорт деңгейі қатты төмендеп кетті. Оған себеп мәдениет және спорт министрлігін бір арнаға тоғыстырып, бір министрлік етуі деп айтар едім. Бұл кезде мен де қызметте жүргенмін. Спорт министрлігіне музыканттар келгендіктен, жиналыстың 90 %-ы мәдениет саласына байланысты өтетін, ал спорт туралы әңгіме тек 10 %-ын құрады. Сол кезде-ақ спорт құрдымға кеткен еді. Одан кейін министр болған Абаев секілді жеке басының қамын ойлаған азаматтар спортты тіптен құртып кетті.

Бүгінгі таңда бұл саладан қол үзгендіктен, спорт министрлігінің қаншалықты шашырап-тарап кеткенін, біздің спорттың бір жүйеге келген-келмегенінен, қандай дайындық жүргізіліп жатқанынан хабарсызбын. Мәселен, сол баяғы 100-ден астам спортқа ақша бөліп, Олимпиадаға осынша спорттың түрінен бардық деп, бос ауаны айналдырып жатыр ма, жоқ па, оны да білмедім.

Дегенмен біз көрші елдерді алып қарайтын болсақ, алысқа бармай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанға көз тастасақ, спорт саласында жақсы деңгей көрсетіп келеді. Әсіресе, бізге бәсекелес болған Өзбекстанның өзі сол 30-35 спорт түрінің ар жақ бер жағында Олимпиадаға дайындық жасайды. Менің ойымша, бұл өте дұрыс бағыт. Барлығын қамту міндетті емес. Бізге де осы кәсіби медаль алып келе алатын әрбір аймақ пен облыстарда өздеріне қалыптасып қалған спорт түрімен ғана Олимпиадаға дайындық жасап, соған көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Оның ішінде футболды атап өтуге болады. Мен оны енді талдап айтпай-ақ қояйын”, - деді Тшанов.

Спорттың қазіргі жағдайына шүйліккен мемлекет қайраткері, үлкен додада өнер көрсетіп жүрген боксшыларды да сынап тастады. Айтуынша, көзінде оты жоқ спортшылар бокстың негізгі әдістерінен ада қалған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар