Кейбір автобустар бағыттарын өзгертіп, газелдердің көпшілігі жойылып, техникалық парк 90 пайызға жаңартылады.
- «Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы қала әкімі маршруттық жүйені жаңарту туралы мәселе қозғаған болатын. Алайда, оған тағы да біраз өзгертулер енгіздік. Семей әуежайының қайта құрылғаны бәріне мәлім, сәйкесінше жаңа рейстер де ашылып жатыр, сондықтан жаңа бағытқа қажеттілік туындады. Мәселен, қаламызда әуежайға дейін 33-ші маршрут жүреді, сонымен қатар енді № 10 маршрут өз жұмысын бастайды. Ол теміржол станциясы мен әуежайды байланыстыратын жедел маршрут болмақ.
Тағы да атап өтетін жайт, Жарқын ауылы қаланың шегіне қосылды, ауылға қатынау үшін «Жансая» базарынан №57 маршруты жүреді – дейді Жолаушылар көлігі бөлімінің меңгерушісі Назым Жанболатова.
Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша желіге №24 маршрут қосылды. Осылайша, жобада барлығы 51 маршруттың орнына 44 маршрут қалады.
Маршрут желісінде барлығы 327 автобус, 14 микроавтобус жұмыс жасайды. Сондай-ақ, автобустарға электрондық билет енгізу де қолға алынбақ. Тасымалдаушылармен өткен келісімшарт 2019 жылдың 1 тамызына дейін жасалған. Сондықтан дәл осы күні, жол маршруттары үшін арнайы конкурс ұйымдастырылады.
Қазірдің өзінде, қала тұрғындары үшін жаңадан 60 автобус алынған. Жыл соңына дейін бұл қатарға тағы да 110 автобус қосылады. Сонымен қатар, «Таксомоторный парк» 70 автобуспен жаңартылды.