Оқу-ағарту министрлігі Семейде бір топ жасөспірімен әлімжеттік көрген 6-сынып оқушысының оқиғасына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Семей қаласында жасөспірімдердің кәмелетке толмаған балаға күш көрсеткені түсірілген бейнежазба кеңінен таралуда. Бұл жағдайды одан әрі ушықтырмау және балаға қосымша моральдық зиян келтірмеу үшін аталған бейнематериалды таратуды тоқтатуға шақырамыз. Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – кейбір блогерлер зардап шеккен баланың фотосуреттерін жариялауда. Мұндай әрекеттер баланың психологиялық жарақатын тереңдете түседі”, - деп жазылған министрлік мәлімдемесінде.
Ведомствоның мәліметінше, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл істі жіті бақылауда ұстап отыр.
“Кінәлілер жауапкершілікке тартылды. Оқиға орнында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл жұмыс істеуде. Барлық кәмелетке толмаған азаматтардың құқықтары мемлекеттік деңгейде қорғалған және кепілдендірілген.
Еске саламыз, ҚР "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңының 14-бабы, 5-тармағына сәйкес, зардап шеккен балалардың жеке басына қатысты және биометриялық деректерін, оның ішінде олардың фотосуреттері мен жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты таратуға тыйым салынады”, - деп қосты министрлік.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі ұстаз, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжанұлы аталған жағдайға байланысты пікір білдіріп, мәселенің түп-тамыры тереңде жатқанын айтты.
“Мен ол жерден ештеңе күтпедім. Себебі қала әкімі мен білім бөлімі басшысының мұғалімге әлімжеттік жасауынан мұғалім шыршадан ұшып кетіп, жараланды емес пе? Дәл сондайлар тоқтағанда ғана оқушылар арасындағы әлімжеттік те тоқтауы мүмкін”, - дейді ол.
Оның айтуынша, қоғамдағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық ересектердің бір-біріне көрсететін қарым-қатынасынан бастау алады.
“Ауырлау шығар. Бірақ агрессия агрессияны тудырады. Әкімшіліктің мұғалімге көрсеткен агрессиясы — мұғалімнің оқушыға агрессиясын тудырады. Мұғалім мен ата-ананың балаға көрсеткен агрессиясы — олардың жүрегін қатайтып, бір-біріне агрессиясын тудырады.
Үйінде ата-анасы баласының көзінше боқтық сөзді еркін қолданып, ауыр сөздер айтатын болса, бала үшін бұл қалыпты жағдайға айналады. Мұндай ортада өскен бала боқтауды да, төбелесті де, әлімжеттікті де қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Өйткені балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі”, — деп қосты ол.
Ұстаз бұл оқиғаның қоғамды дүр сілкіндіргенімен, шын мәнінде жабулы күйінде қалып жатқан жағдайлардың әлдеқайда көп екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Семейде бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын жабылып тепкінің астына алған еді. Сонымен қатар оны қорлап, мүшеқап үрлетіп, видеоға түсірген.
Қазір полиция болған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Осы жағдайға байланысты мектеп директоры жұмыстан босатылды.
Ал әлімжеттік көрсеткен балалар арнайы мектептерде оқитынды болды.
Сонымен қатар өткен жылы жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде 23 жастағы мұғалім биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Ол біраз уақыт төсек тартып жатып қалды. Тексеру барысында Еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін толық дәлелдеді. Сөйтіп жұмыс беруші зардап шеккен педагогтың ем-дом кезеңіндегі жалақысын толық төлеуге және емге жұмсаған шығындарын өтеуге міндеттелді.